Аймағамбетов жұмысшының “өзін кінәлі” етіп шығаратындар туралы айтты

Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов палатаның жалпы отырысында жұмыскерлердің құқықтарын қорғауға бағытталған заң жобасының маңызды тұстарын түсіндірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Депутаттың айтуынша, қазіргі тәжірибеде өндірісте оқиға болған жағдайда комиссиялар кінәні көбіне жұмыскердің өзіне аударып жібереді.

Ашығын айту керек, қазіргі тәжірибеде комиссия оқиға болса, бар кінәні жұмысшының өзіне аудара салуға тырысады. “Өзі кінәлі, қауіпсіздік техникасын сақтамады” деп, кінәнің 50, тіпті 70 пайызын жұмысшыға жаба салады. Нәтижесінде денсаулығынан айырылған қызметкер тиесілі өтемақысынан қағылады, – деді ол.

Аймағамбетовтің сөзінше, жаңа заң жобасында бұл олқылықты жоюға бағытталған нақты норма ұсынылған.

Қызметкердің “өрескел абайсыздығы” анықталған күннің өзінде оның жауапкершілігі 25 пайыздан аспауы керек деп ұсындық. Бұл норма – зардап шеккен қызметкерді қорғауға бағытталған. Сонымен қатар жұмыс берушіні де жауапкершіліктен қашпай, қауіпсіз еңбек жағдайын жасауға ынталандырады деп санаймыз, – деді депутат.

Заң жобасы бірінші оқылымда қаралып жатыр.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы