Аймағамбетов үздік ғалымдарды марапаттады
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін Ұлттық биотехнология орталығының ғимаратында ғылым саласының үздік қызметкерлері марапатталды.
Білім және ғылым министрі салтанатты шара кезінде ғылым саласының үздік қызметкерлері, атаулы сыйлықтар мен стипендиялардың лауреаттарын марапаттады. 50 жеңімпаз 6 млн теңге көлемінде қаржылай сыйақы алды.
Министр атағандай, мемлекеттің қолдауының арқасында ғылымды қаржыландыру жыл сайын артып келеді.
Одан бөлек, ғылыми жобаларды қаржыландыруға арналған конкурстар 3 жылда бір рет емес, енді жыл сайын өткізіледі.
Асхат Аймағамбетов Үкімет отырысында биыл жас ғалымдардың зерттеулеріне 1 000 грант бөлу, 500 ғалымды жетекші шетелдік ғылыми орталықтарда тағылымдамаға жіберу ұйымдастырылатынын айтқан болатын.
Сонымен қатар алғаш рет 2022 жылы жоғары оқу орындары мен ғылыми зерттеу институттарында постдокторантура енгізіледі.
Министр атағандай, егер бұрын ғалымдар жалақыны тек конкурстар арқылы ғана алатын болса, енді жетекші ғалымдар тұрақты жалақы алады. Бұл 85 ғылыми ұйымның 1 200-ге жуық жетекші ғалымдарының жағдайын жақсартады.
Бұған қоса еліміз үшін аса маңызды фундаменталды зерттеулермен айналысатын тарих және этнология институты, тіл білімі институты, математика институты, ядролық физика институты, әдебиет және өнер институты, философия және басқа да институттардың ғалымдары енді жалақыларын тұрақты режимде алып, үздіксіз жұмыс істейді, - деп атап өтті министр Асхат Аймағамбетов.
Салтанатты іс-шара барысында еліміздің жыл сайынғы «үздік ғылыми қызметкер» сыйлығының 36 иегері, ғылым саласындағы атаулы сыйлықтардың 10 иегері марапатталды.
Одан бөлек, Білім және ғылым министрі мемлекеттік ғылыми стипендияның 10 иегерін (жетекші ғалымдар) және ведомстволық сыйлықтың 7 лауреатын марапаттады.