Аймағамбетов Оқу-ағарту вице-министрінің баяндамасын сынға алды

Мәжілісте өткен жасанды интеллектіні әлеуметтік салада қолдану тақырыбындағы дөңгелек үстелде Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов Оқу-ағарту вице-министрі Асылбек Ахметжановтың баяндамасына қатысты бірқатар маңызды сұрақ көтеріп, сын айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Аймағамбетов министрлік жасанды интеллект мәселесіне қатысты нақты әрі өзекті жауаптар бермегенін алға тартты.

Алақан арқылы төлем жүйесі бірнеше жылдан бері айтылып келеді. Бірақ оның жасанды интеллектке нақты қандай қатысы бар? Біз автоматтандыру мен жасанды интеллектіні шатастырып отырған жоқпыз ба? – деді депутат.

Ол өз сөзінде вице-министрдің оқушылардың тамақтануына төлем жүйесі туралы баяндамасының маңызын жоққа шығармайтынын, алайда жасанды интеллект контексінде мүлдем басқа, әлдеқайда өзекті мәселелердің назардан тыс қалып жатқанын айтты.

Басты сұрақ – біз балаларды қалай ойлауға үйретеміз? Қазір ChatGPT мен Gemini сияқты жүйелерді оқушылар үй тапсырмасына пайдаланып жүр. Бұл дұрыс па? Этикалық және академиялық адалдық мәселесі қалай шешіледі? – деді Аймағамбетов.

Сонымен қатар, ол бағалау жүйесінің өзектілігіне ерекше тоқталды.

Біз әлі де “2+2=4” деген секілді дайын жауаптарды бағалауға бейімбіз. Ал енді ЖИ дәуірінде бағалаудың өзі өзгеруі керек емес пе? Біз тек нәтиженің өзіне емес, оқушының ойлау процесіне баға беруіміз керек. Өкінішке қарай, бұл сұрақтарға да толыққанды жауап естімедік, – деді ол.

Бұған дейін Оқу-ағарту вице-министрі Асылбек Ахметжанов білім беру ұйымдарында қауіпсіздік шараларын күшейтуге бағытталған ЖИ шешімдері туралы баяндаған еді.

Министрлік тарапынан енгізіліп жатқан “Alaqan Mektep” жобасы – оқушылардың алақаны арқылы тануды көздейтін заманауи биометриялық экожүйе. Жоба алақан веналарының биометриясын жасанды интеллект көмегімен тануға негізделген. Бұл технология оқушының жеке шкафын карточка немесе кілтсіз, жай ғана алақанын сермеп ашуына мүмкіндік береді.

Жүйе компьютерлік көру технологиясына сүйеніп жұмыс істейді. Бұл – балалар қауіпсіздігін қамтамасыз етудің жаңа деңгейі, – деді Ахметжанов.

Сонымен қатар мектеп асханалары үшін әзірленген “Alaqan Pay” жүйесі де ЖИ негізінде жұмыс істейді. Ол биометриялық төлем жүйесін енгізу арқылы оқушылардың ақшасын ұрлау немесе күшпен тартып алу қауіпін жояды. Ата-аналар өз балаларының қандай тағам тұтынғанын онлайн бақылап, тәттілер мен газдалған сусындардан бас тартып, дұрыс тамақтануын қадағалай алады.

Тағы бір шешім – Protector AI. Бұлжүйе мектептегі агрессивті мінез-құлық пен буллингті нақты уақытта анықтайтын интеллектуалды жүйе ретінде таныстырылды. Жүйе бейнебақылау камераларымен біріктіріледі және күмәнді жағдайлар тіркелсе, жауапты тұлғаларға автоматты түрде хабарлама жібереді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: - архив/ Арман Мухатов
Өзгелердің жаңалығы