Аймағамбетов өңірлерде көтерілген негізгі мәселелерді атады
Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов өңірлерді аралау барысында халық қандай мәселелерді жиі көтеретінін айтып берді. Оның сөзінше, депутаттар өңірлерге тек белгілі бір кезеңде ғана емес, үнемі барып тұрады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Біз өңірлерді тек сіздер білетін белгілі бір уақытта ғана араламаймыз. Жиі барып тұрамыз, жеке қабылдауларымыз бар, басқа да тәсілдер арқылы халықты күнделікті тыңдаймыз. Сондықтан қандай проблемалар бар екенін жақсы білеміз, – деді депутат.
Асхат Аймағамбетовтің айтуынша, өңірлерде көтерілетін негізгі мәселелер қатты өзгермеген. Дегенмен жуырда өткізілген бірнеше кездесуде жедел жәрдем қызметіне қатысты түйткілдер жиі қозғалған.
Депутат жедел жәрдем станциясында қызметкерлермен арнайы кездескенін атап өтті. Сол жерде көлік жүргізушілері мен фельдшерлер бірқатар проблеманы көтерген. Атап айтқанда, олар жалақының төмендігін, жедел жәрдем бригадаларының жетіспеушілігін және қолданыстағы автокөліктердің жағдайын айтқан.
Оның сөзінше, кейбір өңірлерде жедел жәрдем көліктері мүлде жетіспейді. Ал кей аймақтарда сатып алынған жаңа көліктер климатқа сай келмей отыр.
Жаңалықтарда кейде “керемет жаңа көлік сатып алынды” деп сүйіншілейді. Әрине, біз де қуанамыз. Бірақ мәселе қандай көлік алынғанында, – деді ол.
Мысал ретінде депутат солтүстік өңірлерге алынған кейбір қытайлық өндірістегі көліктердің ауа райы мен климаттық жағдайға төтеп бере алмайтынын айтты. Жедел жәрдем жүргізушілерінің сөзінше, бұрын 30 миллион теңгеге алынған көліктерді өздері жөндеп, қажетті қосалқы бөлшектерін оңай табуға болатын. Ал қазіргі жаңа көліктерге 200 миллион теңгеге дейін қаржы жұмсалады, қосалқы бөлшектерін ұзақ күтуге тура келеді және оларды тек ресми сервис арқылы ғана жөндеуге болады.
Сонымен қатар, жаңа көліктерге қатысты сақтандыру мәселелері де бар екені айтылған. Бұдан бөлек, жедел жәрдем қызметкерлері жалақы мәселесін де көтерген.
Асхат Аймағамбетов бұл бағытта шешіліп жатқан мәселелер де бар екенін атап өтті.
Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында депутаттар бастама көтеріп, заң әзірлеген. Соның нәтижесінде фельдшерлер, жүргізушілер мен дәрігерлер заңмен қорғалатын болды, – деді депутат.
Сондай-ақ 2026 жылға арналған бюджетті бекіту кезінде Мәжілістің әлеуметтік-мәдени даму комитеті жедел жәрдем қызметін қолдау үшін қосымша қаржы бөлуге бастамашы болған.
Біз өз түзетулеріміз арқылы басқа салалардан 5 миллиард теңгеден астам қаржыны жедел жәрдем саласына ауыстырдық. Бұл қаражат ертең осы қызметкерлердің жалақысын көтеруге және жағдайын жақсартуға мүмкіндік береді, – деді депутат.
Оның айтуынша, бұл мәселе бойынша Денсаулық сақтау министрлігі де жұмыс жүргізіп жатыр. Асхат Аймағамбетов Мәжіліс депутаттары өз тарапынан әлеуметтік саладағы түйткілдерді шешу үшін жұмысты жалғастыра беретінін жеткізді.