Аймағамбетов енді кімдер білім грантын өтемейтінін айтты

Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов мемлекеттік грантпен оқыған студенттердің оқуын өтеу мәселесіне қатысты заңға енгізілген өзгерістер туралы айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Депутаттың айтуынша, бұған дейін мемлекеттік грант иегерлері оқуды бітіргеннен кейін 3 жыл бойы сол мамандық бойынша жұмыс істеуге міндетті болған. Егер бұл талап орындалмаса, олар грант қаражатын бюджетке қайтаруы тиіс еді. Алайда, өмірлік қиын жағдайларға тап болған азаматтардан бұл міндеттен босату туралы өтініштер жиі түсіп отыр.

Мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған немесе І топтағы мүгедекке күтім жасайтын түлектер үшін бұл талапты орындау үлкен қиындық тудырады. Осыны ескере отырып, біз заң жобасына арнайы өзгеріс енгіздік. Енді олар міндетті еңбек өтеу талабынан толықтай босатылады, – деді Асхат Аймағамбетов заң жобасының бірінші оқылымында.

Сонымен қатар, заң жобасында шетелдік оқу орындарында білімін жалғастыратын азаматтарға қатысты да жаңа норма қарастырылған.

Егер түлек бакалавриатты Қазақстанда бітіріп, магистратураға шетелге түссе, оның міндетті еңбек өтеу мерзімі оқу аяқталғанға дейін кейінге шегеріледі. Яғни, ол магистратураны тәмамдаған соң, екі жылдан кейін еңбек өтеу талабын орындай алады. Бұл өзгерістер түлектердің әлеуметтік жағдайын ескеріп, олардың білім алу және еңбек ету мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Арман Мухатов - архив
Өзгелердің жаңалығы