Аймағамбетов еліміздің үздік 100 колледж студентін марапаттады

Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов еліміздің үздік 100 колледж студентін жеңіспен құттықтады. Олар «Еліміздегі колледждердің ТОП-100 студенті» республикалық байқауына қатысқан болатын, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

«Еліміздегі колледждердің ТОП-100 студенті» республикалық байқауы 15 қазанда басталып, 15 қарашаға дейін жалғасты. Қазақстандықтар жеңімпаздарды онлайн платформада дауыс беру арқылы анықтады.

Бұл - өз білімінің, біліктілігі мен дарынының арқасында жетістікке жеткен жастарға еліміздің техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының үздік студенттеріне арналған байқау.

Айта кетейік, жоба жеңімпаздары еліміздің ірі кәсіпорындарына жұмысқа орналаса алады.

Колледждің үздік 100 студентін марапаттау рәсіміне ҚР Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов қатысып, оларға жылы лебізін білдірді. 

Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар атанған ең үздік, ең білімді, ең білікті студенттерімізді жеңіспен құттықтағым келеді. Кеше ғана мектепте оқитын 40-тан астам оқушымен кездестім. Олар 7-8-9 сыныпта оқитын жас балалар. Олармен әңгімелескенде ерекше әсер алдым. Оны сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Осындай білімді, білікті жастарымыздың арқасында еліміздің болашағы жарқын болатынына ешқандай күмән жоқ. Мемлекет басшысы техникалық мамандықтарды, жалпы еңбек адамын қолдау, жұмысшы мамандықтарды насихаттау бойынша бізге тапсырма берді. Қазір осы тапсырманы орындап жатырмыз, - деді министр.

Аймағамбетов студенттерді жеңіспен құттықтап, оларға сәттілік тіледі.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Өзгелердің жаңалығы