Аймағамбетов депутаттардың түлектерді жұмысқа орналастыруына қатысты сауалына жауап берді
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі «ауылдық квота» бойынша жоғары оқу орындарын аяқтаған жастарды жұмысқа орналастыруға қатысты депутаттардың сауалына жауап берді.
Білікті кадрларға қажеттілікті болжауды есептеу өңірлердің және тұтастай республиканың әлеуметтік-экономикалық дамуын, салалар бөлінісінде, оның ішінде өңірлер және даярлау бағыттары бойынша еңбек ресурстарына сұраныстың жай-күйін бағалауды ескере отырып жүргізіледі, - делінген министр Асхат Аймағамбетовтің жауабында.
Оның сөзінше, статистикалық деректерді Стратегиялық жоспарлау және реформалар жөніндегі агенттігінің Ұлттық статистика бюросы қалыптастырады.
2018 жылдан бастап жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімі бар кадрларды даярлауға арналған мемлекеттік білім беру тапсырысы 3 жылға бекітілді (2018 жылы – 65349 грант, 2019 жылы – 62914 грант, 2020 жылы –63591 грант).
2012 жылдан бастап квота шегінде педагогикалық, медициналық және ветеринарлық мамандықтар бойынша оқуға түскен түлектер үшін ауылдық жерлерде үш жылдық жұмыспен өтеуге қатысты норма қолданылады. Ауылдық квота шегінде мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша оқуды аяқтаған жас мамандарды жұмысқа орналастыру орны (өңірі) бойынша шектеулер жоқ. Жас мамандар тіркелген немесе нақты тұратын жеріне және оқыған жеріне қарамастан, елдің кез келген ауылдық жерінде жұмыспен өтеуді жүзеге асыруға құқылы, - дейді министр.
Сондай-ақ, электрондық еңбек биржасының (enbek.kz) деректері бойынша ауылдық жерлерде медицина, педагогика және ветеринария мамандықтары бойынша 1907 бос жұмыс орны бар.
Аймағамбетовтің айтуынша, «Білім туралы» заңға жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында білім алған адамдар жұмыс істемеген жағдайда, жұмыспен өтеу не бюджет қаражаты шығыстарын өтеу қағидаларына қатысты өзгерістер мен толықтырулар енгізілді.
Жаңа түзетулерге сәйкес түлектерге мемлекеттік ұйымдарда ғана емес, меншік нысанына қарамастан кез келген мекемелерде де жұмысты өтеуге мүмкіндік беріледі.