Бүгiн 2026, 11:01 Фото: Мәжілістің баспасөз қызметі

Аймағамбетов білім жүйесін қайта қарауды ұсынды

Депутат ЖИ дәуірінде университеттерді түбегейлі өзгерту керек екенін айтты.

Мәжілісте өткен Үкімет сағатында Асхат Аймағамбетов жасанды интеллекттің дамуы жоғары білім беру жүйесінің бұрынғы моделін тиімсіз еткенін мәлімдеді. Оның айтуынша, қазіргі білім беру тәсілі еңбек нарығындағы жаңа талаптарға сәйкес келмей отыр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Асхат Аймағамбетов жасанды интеллекттің жаһандық ықпалы жайла айтты. Ол 2022 жылдың қарашасында ChatGPT іске қосылып, небәрі екі ай ішінде 100 миллион қолданушы жинағанын атап өтті. Бұл оқиға көптеген бұрынғы түсініктерді ескірткенін айтты.

Депутаттың пікірінше, бұған дейін білім беру жүйесінің логикасы қарапайым әрі тиімді болды: адамға нақты білім мен дағды беріледі, ол соның негізінде жұмыс табады. Мамандық неғұрлым тар әрі нақты болса, соғұрлым сұраныс жоғары болатын.

Алайда жасанды интеллект пайда болғаннан кейін бұл модель өзектілігін жоғалта бастаған.

Бүгінде дәл осындай тапсырмаларды жасанды интеллект орташа маманнан жылдамырақ, дәлірек және тиімді орындайды, – деді депутат.

Осыған байланысты ол негізгі сұрақты көтерді: қазіргі білім беру жүйесі болашаққа қажетті мамандарды дайындап жатыр ма, әлде өткен кезеңнің талаптарына сай кадрлар шығарып отыр ма.

Халықаралық бағалауларға сәйкес, әлемдегі жұмыс орындарының шамамен 40 пайызы жасанды интеллект ықпалына ұшырайды. Бұл өзгерістер ең алдымен кеңсе қызметкерлеріне – заңгерлерге, аудармашыларға, бухгалтерлер мен қаржыгерлерге әсер етеді.

Сонымен қатар Аймағамбетов студенттерге үйретіліп жатқан дағдылардың едәуір бөлігі жақын жылдары ескіретінін атап өтті.

Бүгін оқытылып жатқан дағдылардың 40 пайызы 2030 жылға қарай ескіріп қалады. Бұл – ертең емес, бүгінгі шындық, – деді ол.

Депутаттың айтуынша, ірі технологиялық компаниялар қазірдің өзінде мыңдаған қызметкерлерін қысқартып жатыр. Бұл еңбек нарығындағы өзгерістердің нақты көрінісі.

Осы жағдайда университеттердің дәстүрлі моделі де өзгеруі тиіс. Бұрынғы жүйе бойынша студент білім алады, диплом алып, жұмысқа орналасады. Алайда қазіргі жағдайда бұл логика жұмыс істемейді.

Бүгін студент жасанды интеллект көмегімен бірнеше минут ішінде дипломдық жұмыс деңгейіндегі мәтін жазып, бизнес-жоспар құрып, талдау жасай алады, – деді Аймағамбетов.

Оның айтуынша, енді білім беру жүйесі жасанды интеллект орындай алмайтын дағдыларға басымдық беруі тиіс. Бұл – сыни ойлау, кең талдау, дұрыс сұрақ қоя білу және контексті түсіну.

Осы тұрғыда депутат гуманитарлық және іргелі білімнің маңызы артқанын ерекше атап өтті. Философия, социология, тілдер, логика және этика пәндерін қысқарту – стратегиялық қателік екенін айтты.

Біз бұл пәндерді қосымша жүк ретінде қабылдап келдік. Бірақ дәл осы білімдер адамға күрделі мәселелерді түсінуге және дұрыс шешім қабылдауға көмектеседі, – деді ол.

Сонымен қатар, депутат қазіргі уақытта бағдарламалау да өзгергенін мысалға келтірді. Егер бұрын код жазу үшін арнайы тілдерді меңгеру қажет болса, қазір жасанды интеллект қарапайым тілде берілген тапсырма негізінде кодты өзі жаза алады.

Осыған байланысты басты құзырет – мәселені дұрыс түсіну және оны нақты жеткізе білу қабілеті болып отыр.

Аймағамбетов жоғары білім беру жүйесіндегі тағы бір маңызды мәселе – грант бөлу жүйесі екенін атап өтті. Оның айтуынша, қазіргі модель жасанды интеллект пайда болғанға дейін қалыптасқан және жаңа жағдайға бейімделмеген.

Мәселен, 2025 жылы ең жоғары конкурс аударма ісі, халықаралық қатынастар және құқық мамандықтарына тіркелген. Алайда бұл бағыттар автоматтандыруға ең бейім салалар болып саналады.

Ал экономиканың нақты секторлары – мал шаруашылығы мен металлургияда талапкерлер саны өте төмен.

Сондай-ақ соңғы жылдары ІТ саласына көп грант бөлінгенімен, бұл бағытта да өзгерістер байқала бастаған. Зерттеулерге сәйкес, жас бағдарламашылардың жұмыспен қамтылуы төмендеген.

Біз әлі де кешегі кодерлерді дайындап жатырмыз. Ал бүгін жасанды интеллект кодты өзі жазады. Сондықтан бізге мүлде басқа құзыреттер қажет, – деді депутат.