Аймағамбетов білім саласында қандай өзгерістер болатынын айтты
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Үкімет отырысында Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов білім саласында қандай өзгерістер болатынын айтты.
2016 жылдан бастап мектептер жаңартылған мазмұнға көшуді бастап, 2021 жылы толығымен көшті. Дегенмен оң өзгерістермен қатар бағдарламалардың кейбір тұстары бойынша мұғалімдерден, қоғам тарапынан біраз орынды сындар айтылды. Сол себепті функционалды сауаттылыққа бағытталған басты принципті сақтай отырып, негізгі пәндер бойынша бағдарламаларды жаңартамыз. Бұл биылдың ең маңызды, әрі ауқымды жұмысы болады, - деді Аймағамбетов.
Сөзінше, академиялық біліммен бірге оқушыларға өмірлік маңызы зор дағдыларды игертуге бағытталған «Жаһандық құзыреттіліктер» таңдау курсы ұсынылады.
Президентіміз техникалық бағыттағы мамандықтарды дамыту бойынша тапсырма берді. Оны орындау үшін математикалық білімнің сапасын арттыру қажет. Ол үшін оқу бағдарламаларын, әдістемелік құралдарды, оқулықтарды жаңартамыз, математиканы топтарға бөліп оқытуды қолға аламыз. Балаларды еңбекке дайындау үшін ерте кәсіптік бағдарлауға баса назар аударылады, тиісті бағдарламаны өзгертіп, оқу-өндірістік комбинаттардың қызметін жаңғыртамыз, - деп атап өтті елдің бас ұстазы.
Сонымен қатар орта білім берудің сапасын бағалау үшін қорытынды аттестаттау және бақылау қағидалары жетілдіріледі.
«Алтын белгіге» үміткерлерге қойылатын талаптар да күшейтіледі. Биылдан бастап білім беру сапасына сырттай бағалау толығымен енгізіледі. Мемлекеттік аттестаттау рәсімі қайтарылып, профилактикалық бақылау түрінде балабақша, мектеп, колледж деңгейлері үшін өткізіледі. Заңға қажетті өзгерістер енгізілді, - деп түсіндірді Асхат Аймағамбетов Үкіметте.