Аймағамбетов білім берудің қай бағытында көп кемшілік болғанын атады
Бұл туралы Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов республикалық тамыз конференциясының панельдік сессиясында айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Мектеп салу, оларды қажетті материалдық базамен қамтамасыз ету маңызды. Бірақ соның ішінде ең маңызды, әрі басты факторлардың бірі мұғалімдердің білімі болып отыр. Бұл мәселе бірнеше бағыттан тұрады. Оның ішіндегі алғашқы мәселе болашақ әріптестерімізді колледж және университетте дайындау. Ал екінші мәселеге қазіргі таңда университет пен колледждерді бітіріп білім саласына келген мұғалімдердің біліктілігін әрі қарай арттыруды жатқызамыз. Оны ұйымдармен бірлесе жүзеге асырамыз, - деді Аймағамбетов.
Министр тағы бір мәселе ретінде мұғалімдердің мектептерде бір-бірімен әңгімелесу арқылы кәсіби дағдыны дамытуды атады.
Өздеріңіз біліп отырғандай, осы үш бағытты атауға болады. Университет мәселесі де өте маңызды. Бұл салада бізде көп кемшілік жіберілді. Университеттерді бітірген жас әріптестеріміздің білім деңгейін көріп отырмыз. Жалпы осы жылдары университетке түсіп, педагогика білімін алам деген түлектердің ҰБТ бойынша дегейін көрдік. Орташа балл - 55. Әрине, университеттің бағдарламалары да өте ескі болды. Біз 2016 жылдан бастап мектептерде жаңартылған білім беру мазмұнын енгізіп жатсақ. Біздің мектептер 2018-2019 жылдан кейін, кейбір университеттер лицензиясын алып қойғаннан 2021 жылға дейін мектепте болған өзгерісті көрмеді, - деді ол.
Министр атағандай, сондықтан университетте сапалы кадр дайындау мәселесі маңызды.