Аймағамбетов барлық ғалым мен оқытушыларға хат жолдады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Асхат Аймағамбетов Білім және ғылым министрі ретінде қызметі аяқталуына байланысты атқарылған жұмысқа есеп берді. 

Бұл туралы министр әлеуметтік желідегі парақшасына жазды. Осы мақсатта ол барлық ғалым мен университет оқытушысына хат жазып, электронды пошталарына жолдаған.  

Сіздермен министр ретінде бірге жұмыс істеу мен үшін үлкен мәртебе, үлкен абырой болды. Соңғы 3 жыл мазмұнды, маңызды әрі күрделі уақыттың бірі болды. Біз осы жылдар ішінде қазақстандық ғылым мен жоғары білім беру жүйесін барынша тиімді және бәсекеге қабілетті ету үшін қолымыздан келгеннің бәрін жасауға тырыстық. QS және Times Higher Education әлемдік рейтингтерінің соңғы нәтижелері де осыны дәлелдеп отыр. Биыл алғаш рет 16 университетіміз QS әлемдік рейтингіне енді және 2018 жылмен салыстырғанда бұл ЖОО-лардың саны екі есеге өсті. Сонымен қатар университеттердің рейтингтегі позициялары да айтарлықтай жақсара түсті, - делінген жолданған хатта. 

Айтуынша, отандық ғылымның жоғары әлеуетінің тағы бір көрсеткіші – QazVac вакцинасы. Оны Білім және ғылым министрлігінің тікелей ұйымдастырып, қаржылай қолдауымен отандық ғалымдар әзірлеген болатын.

Қиын-қыстау кезеңде, пандемия мен карантин шектеулері енгізілген уақытта отандық ғылым мен жоғары білімді дамыту мақсатында бірлесе жұмыс істегенімізге қуаныштымын. Сонымен қатар жоғары оқу орындары оқытушыларының жалақысы көтерілді. Ал профессордың жалақысының минималды деңгейі 350-400 мың теңге болды. Студенттер мен докторанттардың шәкіртақысы өсті. Сондай-ақ жоғары оқу орындарына түсуге берілетін гранттар саны да екі есеге дейін өсті, - деді Асхат Аймағамбетов. 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы