Аймағамбетов: Ұстаз болу – жүректің таңдауы
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов ұстаздарды құттықтады.
Қымбатты әріптестер! Сіздерді Мұғалімдер күнімен құттықтаймын!
Біліктілігі жоғары, беделі мықты, қоғамда құрметке бөленген мұғалімдерсіз мемлекеттің жарқын болашағын елестету қиын.
Себебі экономиканың, мәдениет пен тұтастай қоғамның дамуы сіздердің еңбектеріңіздің нәтижесіне тікелей байланысты.
Ұстаз болу – жүректің таңдауы, жанның қалауы. Бұл жұмыс асқан жанкештілік, зор шыдамдылық пен балаларға деген махаббатты талап етеді.
Еліміздің бетке ұстар азаматтарын тәрбиелеп, жауапкершілігі мол және абыройлы міндетті атқарып жүрсіздер. Оқушыларыңыздың жеңістеріне қуанып, сәтсіздіктеріне бірге қынжыласыздар, қиналған шақтарында қолдау көрсетесіздер, - деп жазды Аймағамбетов Facebook-те.
Мемлекетіміз әрбір ұстаздың еліміздің дамуына қосып отырған үлесін аса жоғары бағалайды. Оның бірден бір дәлелі – «Педагог мәртебесі туралы» заңның қабылдануы.
Осы заңның қабылдануы, шын мәнінде, еліміз үшін аса маңызды болды, сондықтан Мемлекет басшысының ұстаздар қауымына көрсеткен қолдауы үшін алғысымыз шексіз.Бұдан бөлек, заңда мұғалімдердің жұмыс уақыты мен демалыс уақыты, жүктемелерінің азаюы және басқа да әлеуметтік қолдау шаралары нақты көрсетілген.
Заңда мұғалімдердің тек әлеуметтік кепілдіктері ғана емес, сонымен қатар құқықтары мен міндеттері де ресми түрде бекітілген.
Бүгінгі таңда ұстаздар қауымы артық есептілік пен қызметіне жатпайтын функциялардан заң жүзінде босатылды. Заңдағы нормалардың мүлтіксіз іске асырылуы қамтамасыз етілуі тиіс.
Сондай-ақ мұғалімдердің жалақысы да айтарлықтай артты. Сынып жетекшілігі мен дәптер тексергені үшін төленетін қосымша ақының мөлшері де екі есе өсті. Педагогикалық шеберлік біліктілігі үшін төленетін қосымша ақы да лауазымдық жалақысының 30-50%-ы мөлшерінде белгіленіп отыр. Магистр дәрежесі бар мұғалімдерге ай сайын 27 мың көлемінде қосымша ақы қарастырылған. Алғаш рет білім беру ұйымдарының директорлары мен орынбасарларына да басқарушылық шеберлігі үшін лауазымдық жалақысының 30-дан 100 %-ға дейін қосымша ақы бекітілді, - деді министр.
Бала зор ықыласпен білім алып, жан-жақты дамуы керек. Біз балаларымыздың мектеп парталарына қайта оралуын қалаймыз.
Мұғалім мамандығында уақыт талабынан қорықпайтын, өз шәкірттеріне үлгі бола білетін адамдар ғана жұмыс істейді.
Коронавирус пандемиясы уақыттың сын-қатеріне ілесіп қана қоймай, осындай кезеңде көшбасшылық қасиетке ие болудың қаншалықты маңызды екенін көрсетті. Осынау күрделі кезең мұғалімдердің қоғамдағы рөлі мен маңызын тағы бір айқындап берді.
Баршаңызға осы қиын міндетті абыроймен атқарып жатқандарыңыз үшін және қолдау білдіріп отырғандарыңыз үшін алғыс айтамын.
Біз мұғалімдердің құқықтары мен мүдделерін қорғауға, әлеуметтік кепілдіктерді арттыруға, осы мамандыққа ең лайықты түлектерді тартуға бағытталған жұмысымызды одан әрі жалғастыратын боламыз.
Мереке күні баршаңызға зор денсаулық, отбасыларыңызға береке, шығармашылық табыстар тілеймін! Жақындарыңыздың ықыласы мен құрметіне бөлене беріңіздер!, - деп жазды Аймағамбетов.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Алдыңғы жаңалық
Көлгінов ұстаздарды кәсіби мерекесімен құттықтады
Өзгелердің жаңалығы