Айлықтың жартысы азық-түлікке кетеді. Тоқаев қымбатшылық мәселесін көтерді
Еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы жөнінде кеңесте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елдегі қымбатшылық мәселесін көтерді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Мемлекет басшысы атап өткендей, соңғы 15 жылда азық-түлік бұрын-соңды болмаған бағада өсті. Салдарынан биылғы ақпан айында инфляция 21,3%.
Жұрттың ай сайын жұмсайтын қаржысының тең жартысынан көбі азық-түлік алуға кетеді. Үкіметтің әрекеті жеткіліксіз болып отыр. Тыйым салу және шектеу шаралары уақытша ғана әсер етеді, - деп айтты Президент кеңесте.
Тоқаев мұндай қадамдар қиындықтың бетін қайтарса да, одан біржола құтылуға мүмкіндік бермейтінін, тіпті, мәселені ушықтыратынын айтты.
Ауыл шаруашылығы және өндіріс саласының дамуында нақты нәтиже жоқ. Азық-түлік инфляциясының басты себебі де – осында. Елімізде өндірілетін тауардың көлемі ішкі сұранысты қамтамасыз етуге жетпейді. Импортқа тәуелдіміз, - деп түсіндірді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Еске сала кетейік, Тоқаевтың төрағалығымен еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы жөнінде кеңес өтуде. Кеңес барысында Мемлекет басшысы еліміздегі қоғамдық-экономикалық қатынастарды қайта құру керек екенін айтты.
Сонымен қатар, Тоқаев табысты елде тауып, шетелге шашатындар туралы айтқан болатын.