«Айлыққа дейін қарыз беретін» микроқаржылық ұйымдардың саны артып келеді

Бұл туралы «Бірінші кредиттік бюроның» басшысы Руслан Омаров айтты, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.

Оның айтуынша, Payday loans (айлыққа дейін қарыз беру) бизнес-моделіндегі шағын несие беретін микроқаржылық ұйымдардың саны артып келеді.

2021 жылы – 44,  2022 жылы – 59, 2023 жылы – 71, 2024 жылы – 79 ұйым тіркелді. Бұл әр жылдың 1 қаңтарындағы жағдай. Адамдарға берілетін қарыздың орта сомасы – 60 мың теңге болды. Жалпы бір жыл ішінде микроқаржылық ұйымдар тарапынан берілген қарыз көлемі бір жыл ішінде 102,6%-ға (400 млрд теңге) өсті, – деп атап өтті ол.

Сондай-ақ «БКБ» басшысы микроқаржылық ұйымдардан қарыз алатын адамдардың негізгі жасы 40-қа дейін екенін мәлімдеді.

Микроқаржылық ұйымдар тарапынан берілген қарыздың 72%-ы 40 жасқа дейінгі адамдарға берілген. 23 жасқа дейінгі азаматтар 133,2 млрд теңгеге, 23-30 жас аралығындағы азаматтар 208,2 млрд теңгеге, ал 31-40 жас аралығындағы қыз-жігіттер 225,7 млрд теңге көлемінде қарыз алған. Ал одан үлкен жас категориясында бұл көрсеткіш әлдеқайда төмен. 41-50 жастағы адамдар 114,3 млрд теңге және 51-60 жастағы адамдар 66,2 млрд теңге көлемінде қарыз алған, – деді Руслан Омаров.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: BAQ.KZ -архив
Өзгелердің жаңалығы