Бүгiн 2026, 17:15 Фото: Атырау облыстық перинаталдық орталығы

Айхан, Ерхан, Рамазан: Атырауда үшем дүниеге келді

Нәрестелердің үшеуі де – ер бала. Оларға Айхан, Ерхан және Рамазан есімдері берілді.

Атыраудағы перинаталдық орталықта Исатай ауданы Аққыстау ауылының тумасы Айдана Ерғалиева 11 наурыз күні үшемді дүниеге әкелді.

Нәрестелердің үшеуі де – ер бала. Оларға Айхан, Ерхан және Рамазан есімдері берілді.

Дәрігерлердің айтуынша, сәбилер жүктіліктің 31-аптасында кесар тілігі арқылы дүниеге келген. Алғашында олардың өкпе жетіспеушілігі мен ағзаларының толық дамымауына байланысты жағдайлары ауыр болған. Қажетті ем-дом тағайындалып, толық медициналық көмек көрсетілді, – дейді мамандар.

36 жастағы жас ана ақ халатты абзал жандарға алғысын білдірді.

Бұл менің екінші жүктілігім. Оңай болған жоқ. Дегенмен білікті мамандардың арқасында бәрі артта қалды. Қазір қуанышымда шек жоқ, – дейді Айдана Ерғалиева.

Айта кетейік, өңірде үшем дүниеге келу дерегі сирек кездеседі. Мәселен, 2022 жылы бір жағдай тіркелсе, 2024 жылы екі үшем дүниеге келген. Ал биыл үшем туған үшінші жағдай тіркеліп отыр.

Бұған дейін Атырауда жылдың алғашқы үшемі мен жыл басынан бері үшінші үшем дүниеге келгенін жазған едік.

Сондай-ақ, Шымкент пен Алматыда және Қостанай облысында да үшем туды. Шымкентте Димаш, Дәулет, Дина есімді үшемдер туған болатын.