"Айғыр талағандай": Балабақшадағы оқиғаға қатысты білім бөлімі жауап берді
Балабақшада балалар жалғыз қалған уақытта 1,5 жасар қызды сол топтағы басқа бала 25 рет тістеп тастаған. Осыған қатысты аудандық Білім бөлімі жауап берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Қызылорда облысы, Шиелі ауданындағы "Раяна" балабақшасында тәрбиешінің көмекшісі сыртқа шығып кеткен сәтте, топтағы балалар қараусыз қалған. Осы уақытта 1,5 жастағы бүлдіршінді сол топтағы тағы бір бала бірнеше рет тістеп, ауыр дене жарақатын келтірген. Жалпы, қыз баланың денесінде 25 жарақат орны анықталған.
Осы мәселеге қатысты Шиелі аудандық Білім бөлімі де өз жауабын ұсынды.
Құрметті Қазақтың Аружаны! Аталмыш жағдайға байланысты Шиелі ауданы бойынша білім бөлімінің 2025 жылдың 30 сәуір №32 бұйрығына сәйкес зерделеу мақсатында арнайы жұмысшы тобы құрылды. Топ тәрбиешісі және тәрбиешінің көмекшісін жұмыстан шеттету бойынша ұсыныс берілді. Шиелі аудандық полиция бөлімі тарапынан тергеу амалдары жүргізіліп, нәтижесінде кінәлі тұлғалар заң аясында жауапқа тартылатындығын хабарлайды, - деп жазылған хабарламада.
Аталған жағдай туралы алғашқы ақпаратты әлеуметтік желіде "Қазақтың Аружаны" есімді Facebook қолданушысы жария еткен.
Еске сала кетсек, осыған дейін балабақшада кішкентай баланың балабақшада 25 рет тістелгені туралы ақпарат жарияланған болатын.