Әйгілі нейрохирург: Мені нағыз дәрігер қылған – өмір сабақтары
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы «Желмая» жобасына сұхбат берген «Ұлттық нейрохирургия орталығы» АҚ басқармасының төрағасы, білікті нейрохирург Серік Ақшолақов айтты.
Мені нағыз дәрігер қылған – өмір сабақтары. Өмірдің сабақтары әр түрлі болады. Біз бір жаққа конференцияға барсақ та, бізге шетелден қонақтар келсе де, көбінесе өзіміздің жетістіктерімізді айтамыз. Ол қай жерде болмасын солай. Жетістікке жету үшін қандай қиындықтар болды, қандай ауыртпалықтар болғанына тоқтала бермейміз. Түрлі жағдайларды көрдік, - деп атап өтті басқарма төрағасы.
Сонымен қатар ол дәрігер ретінде атқарған ең алғашқы кезекшіліктерінің бірін есіне алды.
Мен жас дәрігер болғанда облыстық ауруханада ең бірінші кезекшілікке түстім. Жантүршігерлік жол апатынан кейін бір науқасты алып келді. Ол кісі аурумен күресе алмай, көз алдымда демі таусылды. Заң бойынша екі сағатқа дейін қозғауға болмайды. Мен әр 10 минут сайын мүмкін әлі тірі шығар деген үмітпен қайта-қайта кіріп қарап жүрдім. Тәжірибем де аз. Үлкендеу медбике кісі келіп ол кісінің жазуы бітті, ұстамды болыңыз деп айтты. Осындай ащы сабақтар да бар. Ал білікті дәрігерлермен қатар жұмыс істегенде кітаптан оқып таба алмайтын тәжірибелерімен бөлісіп, бәрін үйретті, - деді Серік Ақшолақов.