Әйгілі боксшы Рой Джонс Қазақстанға келді

Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов әуесқой бокстан Сеул Олимпиадасының күміс жүлдегері, кәсіпқой бокстан абсолютті әлем чемпионы, даңқты спортшы кіші Рой Джонспен кездесті, деп хабарлайды BAQ.KZ министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Кездесу барысында министр әлемдік бокс жұлдызына Қазақстанға арнайы келгені үшін алғысын білдіріп, оның заманауи спорттағы тарихи рөліне ерекше тоқталды. Ербол Мырзабосыновтың айтуынша, кіші Рой Джонс – техникалық шеберлігінің бірегейлігімен, ерекше стилімен және жарқын мансабымен бүкіл әлемдегі жас спортшыларға үлгі бола білген тұлға.

Әлемдік спорт тарихында есімі алтын әріппен жазылған, заманауи бокстың ұлы тұлғаларының бірі ретінде елімізге келуіңіз біз үшін үлкен мәртебе. Сіздің теңдессіз жетістіктеріңіз бен бірегей шеберлігіңіз әлемнің түкпір-түкпіріндегі жас спортшыларға шабыт сыйлайды. Отандық боксшылар Сізді әрдайым кәсіби шеберлік пен адамгершіліктің биік үлгісі ретінде құрметтейді. Бокстың дамуына қосқан өлшеусіз еңбегіңіз бен жастармен жүргізіп келе жатқан белсенді жұмысыңызды жоғары бағалаймыз, – деді министр.

Кіші Рой Джонс – Сеул Олимпиадасының күміс жүлдегері, кәсіпқой бокста бірнеше салмақта әлем чемпионы атанған дара спортшы. 1990 жылдары ол «онжылдықтың боксшысы» атанып, pound-for-pound рейтингінде үздік болып танылды. Оның мансабындағы рекордтық көрсеткіштер мен тарихи жеңістер әлемдік бокс тарихында ерекше орын алады.

Кездесу соңында тараптар боксты дамыту, жастар спортын қолдау және халықаралық ынтымақтастықты нығайту бағытында бірлескен жобаларды жүзеге асыруға дайын екендерін атап өтті. Министр Рой Джонстың Қазақстанға сапары екіжақты серіктестіктің жаңа мүмкіндіктеріне жол ашатынына сенім білдірді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Туризм және спорт министрлігі
Өзгелердің жаңалығы