Әйелін ұрып-соққандар қалай жазаланады?

ІІМ Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Ренат Зұлқайыров тұрмыстағы зорлық-зомбылық жайлы айтып берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Тұрмыстағы зорлық-зомбылықтың алдын алу - Қазақстан Республикасының отбасылық-демографиялық саясатының өзекті мәселесі.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша ішкі істер органдары құқық бұзушылықтарға, оның ішінде тұрмыстағы зорлық-зомбылыққа нөлдік төзімділік қағидатын қамтамасыз ету жөнінде шаралар қабылдап жатыр.

Былтыр Президенттің тапсырмасы бойынша тұрмыстағы зорлық-зомбылық жасау фактісі үшін жауапкершілік күшейтілді.

Құжатқа қандай өзгеріс енгізілді?

Ренат Зұлқайыров атап өткендей, Қылмыстық және әкімшілік кодекстерге түзетулер енгізілді. 2023 жылғы 1 шілдеден бастап полиция тұрмыстағы құқық бұзушылықтарды тіркеуді өтініш беру сипатынан анықтау сипатына көшірді.

Әрбір факт бойынша әкімшілік іс қозғалады. Соңғы құқықтық бағалауды сот береді.

Бұл ретте құқық бұзушының сотта бір рет қана татуласуға құқығы бар. Жаңа заңнама шеңберінде тұрмыстық жанжалдар туралы 50 мың өтініш қаралды. 64% материал бойынша әкімшілік іс жүргізу қозғалды. Әкімшілік қамауға алынған адамдардың саны 2 есеге артты. Сотта 27 мыңнан астам отбасы татуласты, - деп айтты полицей.

Сонымен қатар министрлік зорлық-зомбылыққа ұшыраған отбасылармен профилактикалық жұмысты жандандырды.

Жәбірленушілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында 2023 жылы 87 мың қорғау нұсқамасы шығарылды және құқық бұзушының мінез-құлқына 15 мың ерекше талап белгіленді. Бұл адамдарға полицияның күшейтілген бақылауы жүзеге асырылады.

Шектеулерді бұзған 12 мың фактінің жолын кесті. Қабылданған шаралардың нәтижесінде қоғамда құқық бұзушылықтарға төзбеушілік қағидаты қалыптасқанын атап өткен жөн. Нәтижесінде отбасындағы-тұрмыстағы қатынастар саласындағы құқық бұзушылықтар туралы хабарламаларды тіркеу 14%-ға, оның ішінде тұрмыстағы қылмыстар төмендету үрдісі байқалады, - деп атап өтті ол.

Сонымен қатар кейбір полицияның репресивтік шаралары тұрмыстағы зорлық-зомбылық мәселесін шеше алмайды.

Осыған байланысты Үкімет тұрмыстағы зорлық-зомбылықтың алдын алу бойынша яғни осы саладағы саясатты қайта қарау жөніндегі жол картасын іске асырып жатыр.

Өңірлерде өмірлік қиын жағдайға тап болған отбасыларды анықтау бойынша мобильді топтар құрылды.

Учаскелік инспекторлар 150 мың отбасын аралады, мемлекеттің көмегіне мұқтаж 500-ден астам отбасы анықталды. Олар туралы мәліметтерді мүдделі мемлекеттік органдарға жіберді. Тәулік бойы «111» және «150» жедел желісінің телефондары жұмыс істейді, оларға әрбір қоңырау шалған адам тиісті кеңес немесе қолдау ала алады, - дейді Ренат Зұлқайыров.

2023 жылғы 8 желтоқсанда Президенттің Жарлығымен бекітілген Адам құқықтары және заң үстемдігі саласындағы іс-қимыл жоспарына сәйкес Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Закиева Динара Болатовқызымен және Парламент Мәжілісінің депутаттарымен бірлесіп әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау, сондай-ақ отбасылық құндылықтарды ілгерілету жөніндегі шараларды күшейту жөнінде заңнамалық түзетулер әзірленді.

«Ұрып-соққандар жауапқа тартылады»

Денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіруді және ұрып-соғуды қылмыстық жауапкершілікке тарту жоспарланып отыр. Құқық бұзушының мінез-құлқына қойылатын ерекше талаптар шеңберінде сотқа «агрессорды» тұрғын үйден уақытша шығару құқығы беріледі. Сонымен қатар оған әлеуметтік бейімделу орталықтарында өз іс-әрекеттерін уақытша қарастыру ұсынылады, - деді ІІМ Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Ренат Зұлқайыров.

Сондай-ақ сот «агрессордың» денсаулық сақтау ұйымдарында міндетті психокоррекциялық курстардан өтуін тағайындауға құқылы болады.

Осыған ұқсас ерекше талаптар Қылмыстық кодекс шеңберінде де белгіленеді.

Сонымен қатар ІІМ-де отбасындағы-тұрмыстағы зорлық-зомбылыққа қарсы күрес жөніндегі мамандандырылған дербес бөлімше құрылады.

Ол бөлімшелер тек осы тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күреседі.

«Зорлық-зомбылықпен әр азамат күресуі керек»

Тұрмыстағы зорлық-зомбылық мәселелерін шешу құқық қорғау және мемлекеттік органдарға ғана емес, Қазақстан Республикасының әрбір азаматына тиесілі екенін атап өткім келеді. Осы сәтті пайдалана отырып біз сіздерді айналаңызда болып жатқан заң бұзушылықтарға яғни көршілеріңізде, таныстарыңыз немесе жақын адамдарыңызда көшеде осындай жағдайлар орын алғанын байқасаңыз, оған көз жұма қарамауға шақырамыз, - дейді ол.

Полицей қазақстандықтарға отбасында бала тәрбиесіне жіті көңіл бөліп, өскелең ұрпаққа әлімжеттіктің салдары қандай болуы мүмкін екенін айтып үйрету қажет екенін айтты.

Әр адам жақын адамына қол көтерсе оның заңмен жауапкершілікке тартылатынын білгені абзал. Барлық даулар заңмен шешілуге тиіс. Сіз жасаған бір ғана қадам немесе бір адасқан адамды ізгілікке, тәрбиеге шақыру бір отбасының түтіні түзу шығып, балаларының тыныш ұйықтауына ықпал етуі мүмкін! Өз кезегінде полиция заң аясында сізді, отбасының әрбір мүшесін қолдауға және кез келген зорлық-зомбылықтан қорғауға әрқашан дайын. Тек мүлдем төзбеушіліктің арқасында және осы мәселеге ортақ күш салуымызбен біз қауіпсіз мемлекет құра аламыз, - деп айтты Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Ренат Зұлқайыров.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Арман Мухатов -архив
Өзгелердің жаңалығы