Баласының көзінше әйелін пышақтап өлтірген азамат ұсталды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Мәскеудің Раменск ауданында ойын алаңында баласын ойнатып отырған әйелді өлтіріп кеткен. Бұл туралы ТАСС агенттігі хабарлады.
Telegram-канал Mash қаскөйдің әйелді пышақтап жатқан видеосын жариялады.
Қайғылы оқиға 25 шілде күні Раменскінің Лесная көшесінде болған. Ойын алаңында баласын ойнатып отырған 25 жастағы әйелдің қасына ер адам келіп, екеуінің арасында келіспеушілік туындайды. Ашуланған ер азамат жан-жағында жүрген адамдарға қарамастан, әйелді аса қатыгездікпен бірнеше жерінен пышақтап кетеді. Артынша, ойын алаңынан бой тасалайды. Куәгерлердің сөзінше, еркек автокөлікке отырып кетіп қалған.
ТАСС агенттігі әйелді өлтірген ер адам оның күйеуі болуы мүмкін екенін хабарлады.
Өкінішке қарай, жедел жәрдем каретасы оқиға орнына жеткенше келіншек алған жарақаттарынан көз жұмды. Алдын ала мәлімет бойынша қылмыскер әйелді 20 рет пышақтаған. Ал қанды оқиғаға куә болған әйелдің баласы есеңгіреген күйінде ауруханаға жеткізілді.
Мәскеу облысының полицейлері қылмыскерді ұстау операциясын жүзеге асырып, ақыры қылмыскерді құрықтады.
Ресейдің Мәскеу облысы бойынша ІІМ баспасөз қызметінің басшысы Татьяна Петрованың айтуынша, ұсталған азамат 1981 жылы туылған Ногинск қаласының тумасы. Қылмыскер тергеу жұмыстары аяқталғанша, қамауға алынды.