Бүгiн 2026, 10:52 Фото: Видеодан кадр

"Әйелін Парламент атынан құттықтады": Мұқаев желідегі сынға жауап берді

Әйелін туған күнімен құттықтаймын деп сынның астында қалған депутат жағдайды түсіндірді.

Мәжіліс депутаты Дәулет Мұқаев әлеуметтік желіде өзіне қатысты сын-пікірлерге жауап берді. Депутат әйелін туған күнімен Парламент атынан құттықтады деген айыптаулармен келіспейтінін айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Оның сөзінше, қоғамда қызу талқыға түскен құттықтау ресми емес, жеке форматта жасалған.

Бір нәрсені түсіндірейінші. Соңғы екі-үш күн болды “даудың басы Дайрабайдың көк сиыры” секілді дау “Дәулеттің көк папкасы” болып кетті. Бұл бірінші кезекте ешқандай ресми құттықтау емес. Әлеуметтік желіде “Парламент атынан құттықтады” дегендей тақырыптар кетіп жатыр. Бұл – өзімнің жеке құттықтауым, – деді депутат.

Мұқаевтың айтуынша, ол құттықтауға пайдаланған көк папка Парламенттің ресми бланкісі емес.

Парламент қабырғасында жүрген әріптестердің бәрінде ақ папка, көк папка болады. Бұл – құжат тасуға арналған кәдімгі папка. Мен не істедім? Мен өзім дизайнын жасаттым, мәтінін жаздым, оны басып шығаруға 5 мың теңге төледім де, сол көк қағазбен құттықтадым. Болды, – деді ол.

Сондай-ақ депутат ешқандай құқық бұзушылық болмағанын алға тартты.

Парламенттің регламентіне сәйкес ресми бланкіні рұқсатсыз пайдалануға болмайды. Ал бұл жерде ондай жағдай жоқ. Бұл папка ғана, – деді Мәжіліс депутаты.

Оның сөзінше, құттықтау жұмыстан тыс уақытта, достарының ортасында өткен.

Бұл Парламенттің отырысында болған жоқ, мемлекеттік ғимарат ішінде де өткен жоқ. Ол жерде ешқандай әріптестердің қолы қойылған жоқ. Туған күн 5-і күні өтті, бірақ әлеуметтік желіде 9-10 мамыр күні шулап кетті. Бұл арнайы тапсырыс болды ма, білмеймін, – деді ол.

Депутат мұны хайп деп санамайтынын айтты.

Бұл хайп емес. Менің әлеуметтік желімдегі пікірлердің 99 пайызы жақсы. Мұндағы басты мақсат – барымызды бағалау, қадірлеу, тірісінде құрмет көрсету, – деді Мұқаев.

Сонымен қатар ол әйелдерге құрмет көрсету мәселесін де қозғады.

Қазір әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық мәселелері көп айтылады. Ер азаматтар әйелдерді құрметтеп, қадірін көрсетіп жүрсе деген ой болды, – деді депутат.

Желі қолданушыларының “басқа жол табылмады ма?” деген сынына жауап берген ол бұл әркімнің көзқарасына байланысты екенін айтты.