Бүгiн 2026, 16:48 Фото: ©BAQ.KZ архиві/Арман Мухатов

«Әйелімді ешкіммен бөліскім келмеді»: Атырау тұрғыны жұбайын не үшін өлтіргенін айтты

Сот отырысында айыпталушы қылмысқа не түрткі болғанын айтып, өз әрекетінің себебін түсіндіруге тырысты.

Атырауда мұғалімнің өліміне қатысты іс бойынша сот басталды. Айыпталушы кінәсін толық мойындап, жұбайын қызғаныштан өлтіргенін айтты. Алайда оның әйелінің опасыздық жасағанына қатысты ешқандай дәлелі болмаған.

«Ақ Жайық» басылымының жазуынша, №16 мектептің мұғалімі Әлия Елесинованың өліміне қатысты негізгі сот процесі судья Зарема Хамидуллинаның төрағалығымен басталды.

Айыпталушы Сәрсен Өтеулиев өз кінәсін толық мойындады. Ол көз жасына ерік беріп, өзіне өлім жазасын тағайындауды сұрады. Сот отырысы белгіленген уақыттан кеш басталды.

Бұған сотталушының денсаулығының күрт нашарлауы себеп болған. Оған жедел жәрдем шақырылған. Жағдайы тұрақтанғаннан кейін ғана ол сотта жауап бере алды.

Өтеулиев жұбайын қызғаныштың кесірінен өлтіргенін айтты. Оның сөзінше, уақыт өте келе бұл сезім бүкіл өмірін билеп алған.

Сүйікті адамыңды ешкіммен бөліскің келмейді. Үнемі біреу оған қарап тұрғандай немесе қызығушылық танытып жүргендей көрінеді, – деді ол сотта.

Судья оның әйелінің басқа ер адаммен кездескеніне немесе араласқанына қатысты нақты дәлелдері болған-болмағанын сұрағанда, айыпталушы мұны жоққа шығарды. Оның айтуынша, опасыздық жасағанына қатысты ешқандай айғақ болмаған.

Сондай-ақ ол оқиғаға деген көзқарасына интернеттегі түрлі видеолар мен материалдардың әсер еткенін айтып, «интернет – өте жаман нәрсе» деп мәлімдеді.

Сот барысында 63 жастағы ер адамның үйіне бейнебақылау камераларын орнатқаны, жұбайының жүріп-тұруын 2GIS қосымшасы арқылы бақылағаны және оны тіпті мектептегі 26 жастағы дене шынықтыру пәнінің мұғалімінен қызғанғаны белгілі болды. Алайда әйелінің көзіне шөп салғанын дәлелдейтін қандай да бір нақты дерек келтіре алмады.

Сотта отбасында қызғаныш пен өзара сенімсіздік салдарынан жанжалдардың бірнеше рет болғаны да айтылды. Сот процесі жалғасып жатыр.

Қайғылы оқиға 2026 жылғы 16 наурызға қараған түні Атырауда болған. Отбасылық жанжал салдарынан қалалық мектеп-лицейлердің бірінде бастауыш сынып мұғалімі болып жұмыс істеген 58 жастағы әйел қаза тапқан.

Сол кезде полиция ерлі-зайыптылар арасында тұрмыстық жанжал туындап, оның қайғылы жағдаймен аяқталғанын хабарлаған.