"Әйелім мен баламды өлтіреміз деді": Алматыда қарақшылар кәсіпкердің үйін тонап кетті
Алматыда қылмыстық топ мүшелері кәсіпкердің үйіне баса-көктеп кіріп, үй иесі мен оның жұбайын, баласын байлап тастаған. Өлтіреміз деп қорқытқан әрі күш қолданған, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Алматының криминалдық полициясы кәсіпкердің үйіне жасалған қарақшылық шабуылды "ізін суытпай" ашты.
Үш ер адамнан құралған қылмыстық топ үйге баса-көктеп кіріп, үй иесін, оның жұбайы мен баласын байлап, кұш қолданып, өлтіреміз деп қорқытқан.
Олар сейфке қол жеткізіп, ондағы ақша мен бағалы әшекейлерді алып кеткен. Келтірілген шығын шамамен 500 миллион теңгені құрады.
Криминалдық полиция қызметкерлері күдіктілерді іздеуге дереу кірісті. Жедел әрекеттің нәтижесінде қарақшылық шабуылға қатысы бар үш адамның да жеке басы анықталды және ұсталды, айғақты заттар тәркіленді. Күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалды, – деді Алматы қалалық ПД бастығының орынбасары Қуатбек Науатов.
Кешенді шаралардың нәтижесінде күдіктілердің орналасқан жері анықталып, олар қолға түсті.
Алматы қаласының тұрғындары мен қонақтарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету, сондай-ақ ауыр және аса ауыр қылмыстарды дер кезінде ашу – қалалық полицияның басты міндеті. Біз азаматтардың құқығы мен өмірін қорғау, оларға сенімділік пен қауіпсіздік сезімін қайтару үшін барынша кәсіби әрі жедел әрекет етеміз. Мұндай қылмыстар жазасыз қалмайды: шабуылға қатысқандардың бәрі ұсталды, айғақтар тәркіленді және әрқайсысы заң аясында жауап береді, – деді, Қуатбек Науатов.
Еске салайық, бұған дейін Қарағандыда полиция бекетінде әйелдің мәйіті мен ес-түссіз полицей табылғанын хабарладық.