Әйелі күйеуінен сиырын сатып жібергенін жасыру үшін полицияға жалған хабар берген
СҚО тұрғыны күйеуіне айтпай сиырын 550 мың теңгеге сатып жіберген. Бірақ бұл әрекетін жасыру үшін қандай қадамға барғанын полиция анықтады.
Солтүстік Қазақстан облысының Есіл ауданында ауыл тұрғыны сиырының жоғалғаны туралы полицияға хабарлаған. Алайда тексеру барысында малдың жоғалмағаны, иесінің оны өзі сатып жібергені анықталды.
Polisia.kz дерегінше, әйел полицияға жүгініп, үйінен шыққан кезде қақпаны жабуды ұмытып кеткенін, ал қайтып оралғанда басы мен бауыр тұсында ақ дақтары бар қара сиырының жоғалғанын айтқан.
Хабарлама түскеннен кейін полицейлер алдымен мал ұрлығы белгілерінің бар-жоғын тексеріп, кейін сиырды іздеуге кірісті. Себебі қараусыз жүрген мал ұрылардың қолына түсуі немесе жолға шығып, жол-көлік оқиғасына себеп болуы мүмкін.
Іздестіру жұмыстарына аудандық полиция бөлімінің жеті қызметкері жұмылдырылды. Олар кешке дейін ауыл мен оның маңындағы аумақтарды аралап, тұрғындардан сұрастырды.
Келесі күні іздеу жұмыстарына көршілес ауылдық округтердің учаскелік полиция инспекторлары, қызметтік-іздестіру итімен бірге кинолог және дрон операторы қосылды. Тәртіп сақшылары аумақты мұқият тексеріп, бейнебақылау камераларының жазбаларын зерделеді.
Алайда іздестіру барысында сиырдың ұрланбағаны және жоғалмағаны белгілі болды. Анықталғандай, әйел малды басқа ауданның тұрғынына 550 мың теңгеге сатып жіберген.
Ауыл тұрғыны мұндай әрекетке әпкесіне қаржылай көмектесу мақсатында барғанын түсіндірген. Ол сиырды күйеуінің келісімінсіз сатып, бұл жағдайды жұбайынан жасыру үшін полицияға малдың жоғалғаны туралы жалған хабар берген.
Осылайша жалған хабарлама салдарынан полиция қызметкерлері екі күн бойы іздестіру жұмыстарын жүргізіп, уақыт пен күш жұмсаған.
Арнайы қызметтерді көрінеу жалған шақырғаны үшін әйел жауапкершілікке тартылды.
Полиция азаматтарды құқық қорғау органдарына көрінеу жалған ақпарат бермеуге шақырады. Мұндай әрекеттер полиция қызметкерлерінің уақытын алып қана қоймай, заңда көзделген жауапкершілікке әкеп соғады.