Әйелдің сенімін сақтайтын хирургия: Онколог отандық онкохирургиядағы жаңа әдіс туралы айтты

Пластикалық хирургия – медицинадағы салыстырмалы түрде жаңа бағыттардың бірі. Ал реконструктивті пластикалық хирургияның елдегі даму деңгейі қандай, оның медицинадағы орны мен маңызы неде? Осы сауалдарға елордадағы Ұлттық ғылыми онкология орталығының дәрігері, реконструктивті-пластикалық хирург Бауыржан Әнапия BAQ.KZ тілшісіне берген сұхбатында жауап берді.

- Бауыржан Бегалыұлы, алдымен реконструктивті хирургия дегеніміз не, бұл саланың дәрігерлері нақты немен айналысатынын айтып өтсеңіз.

- Реконструктивті хирургия – адамның сыртқы келбетінде немесе ағзалардың қызметінде пайда болған ақауларды қалпына келтіруге бағытталған сала. Біз тек эстетикалық өзгерістермен емес, ең алдымен функционалдық бұзылыстарды түзетумен айналысамыз. Онкологиялық аурулар бойынша жасалған ауқымды операциялардан кейінгі коррекция, сондай-ақ аяқтағы трофикалық ойықжаралар мен ұзақ уақыт қозғалыссыз жатқан науқастарда пайда болатын жараларды емдеу де біздің бағытқа кіреді.

Соңғы жылдары орталығымызда микрохирургия әдістері белсенді енгізіліп жатыр. Бұл – бірнеше миллиметр ғана болатын қантамырларға анастомоз салу арқылы үлкен тіндік ақауларды жоюға мүмкіндік беретін күрделі операциялар. Осы технологияның арқасында тері, бас, мойын, жыныс ағзаларының онкологиялық зақымдануына ұшыраған науқастарға кешенді көмек көрсетіледі. Сонымен қатар жақ-бет және бас аймағын қалпына келтіру бағытындағы заманауи әдістер енгізілді. 2023 жылдан бастап біздің сектор шораяқ, яғни терінің шамадан тыс қалыңдап өсуімен жүретін ауру кезінде лимфа тамырларына операция жасайтын Орта Азиядағы алғашқы орталықтардың бірі болды.

- Бұл қандай операция? Толығырақ айтып берсеңіз.

- Бұл – супермикрохирургияға жататын инновациялық тәсіл. Егер классикалық микрохирургияда 1–5 мм тамырлармен жұмыс істесек, мұнда диаметрі 1 мм-ден де кіші тамырлар туралы сөз болып отыр. Мұндай операцияларға арнайы жіптер мен құралдар қажет.

Операция екі әдіспен жүргізіледі. Бірінші жағдайда лимфа жүйесі супермикрохирургиялық анастомоз арқылы венозды жүйеге қосылады. Екінші тәсілде сау тіндермен бірге лимфа түйіндерін алмастыру әдісі қолданылады. Бұл технологиялар медицинада шамамен 15–20 жыл бұрын пайда болғанымен, әлі де өте сирек қолданылады. Тіпті әлемдік медициналық әдебиеттерде бұл тақырыпқа қатысты деректер өте аз. Сол себепті біз шетелдік тәжірибелерді зерттеп, осындай операцияларды жүргізетін орталықтармен тығыз байланыста жұмыс істейміз.

- Салада маман тапшылығы бар ма?

- Қазіргі таңда біздің сектордағы кадрлық әлеует айтарлықтай нығайды. Штатта тәжірибелі, жоғары санатты дәрігерлер жұмыс істейді. Дәрігерлер құрамы толыққанды жасақталған, операциялар бұрынғыдай шамадан тыс жүктемемен емес, толық командамен атқарылады.

- Сіздер басқа бөлімшелермен бірлесіп жиі операция жасайсыздар екен.

- Иә, бұл – біздің жұмысымыздың маңызды бөлігі. Ғылыми орталықта бас пен мойын аймағының онкологиясымен айналысатын бөлімше бар. Сол бөлімнің мамандарымен үнемі бірге жұмыс істейміз. Мысалы, жоғарғы немесе төменгі жақсүйек обыры анықталған жағдайда көлемді резекция жасалады. Ал кейін сол аймақтың сүйегі мен жұмсақ тіндерін қалпына келтіру біздің міндетімізге жатады. Осылайша, пациент операциядан кейін барынша аз косметикалық әрі функционалдық ақаумен өмір сүреді.

- Есте қалған ерекше оқиғаларыңыздың бірімен бөліссеңіз.

- Бір жағдай есімде жақсы сақталған. Жол-көлік оқиғасына түскен ересек жастағы пациенттің бетінің жұмсақ тіндері төменге және сыртқа қарай жылжып кеткен. Өңірлерде техникалық мүмкіндік болмағандықтан, оған көмек көрсетілмеген. Біз төменгі және жоғарғы қабақты реконструкциялап, болашақта көз протезін орнатуға жағдай жасадық. Сонымен қатар бет құрылымын сыртынан тіліп-кеспей, қабақ арқылы түзеп, симметрияны қалпына келтірдік.

Тағы бір жағдайда эстетика мен онкологияны қатар ескеруге тура келді. Бет терісінің ісігі бар егде жастағы пациентке блефаропластика жасалып, сол операция барысында алынған артық тері беттегі ақауды жабуға пайдаланылды. Нәтижесінде пациент тек негізгі ауруынан айығып қана қоймай, эстетикалық тұрғыдан да оң нәтиже алды.

Сондай-ақ жануарлар тістеп алған жағдайлар да жиі кездеседі. Бір пациенттің мұрнын ит қауып алған, ал біріне сыртқы жыныс ағзаларын толық қалпына келтіру операциясы жасалды.

- Онкологиялық ауруы жоқ адамдар да сіздерге келе ала ма?

- Әрине. Реконструктивті пластикалық хирургия тек онкологиялық науқастармен шектелмейді. Мұндай операцияға мұқтаж кез келген адам орталығымызға жүгініп, дәрігер қабылдауына кіре алады. Барлық операциялар МӘМС және ТМККК аясында тегін жүргізіледі.

- Орталықта ем алу науқастар үшін қаншалықты қиын?

- Ең басты талап – тәртіпті қатаң сақтау. Көп операциялар ұзақ реабилитацияны қажет етеді. Тамақтану мен өмір салтына да белгілі бір шектеулер қойылады. Алайда кей науқастар нұсқаулықтарды сақтамайды. Мысалы, трофикалық жараға операция жасалған соң адам 10 күн бойы төсектен тұрмауы тиіс. Бірақ кейбірі ерте қозғалып кетіп, нәтижесінде операцияның әсері төмендейді.

- Реконструктивті хирург үшін қандай қасиеттер маңызды деп ойлайсыз?

- Бұл салада ең алдымен шыдамдылық қажет. Сонымен қатар қиялдың ұшқырлығы да маңызды. Әр ақау – жеке жағдай. Біздің мақсат – пациенттің жоғалтқан функциясын мүмкіндігінше толық қайтару.

- Сіз үшін жұмыстағы басты мақсат қандай?

- Менің ұстазым бір кезде: «Операциядан кейін өз-өзіңе толық риза болсаң, дамуың тоқтағаны» деген еді. Бұл сөз менің өмірлік қағидам болды. Сондықтан өз жұмысыма толық көңілім толатын күнді елестете алмаймын. Мақсатым – отандық микрохирургия мен супермикрохирургияны кем дегенде Ресей деңгейіне жеткізу.

- Жеке клиниканы емес, ғылыми орталықты таңдауыңыздың себебі неде?

- Мен үшін эстетика мен реконструкция бір-бірінен ажырамайтын ұғымдар. Реконструктивті хирургия тіндердің құрылымын терең түсінуге мүмкіндік береді. Сол арқылы эстетикалық операцияларды да саналы түрде жасауға болады. Дәрігер жан-жақты болуы керек деп есептеймін.

- Пластикалық және реконструктивті хирургияның айырмашылығы неде?

- Пластикалық хирургия – өте кең ұғым. Ал реконструктивті хирургия – соның бір бағыты. Біз реконструкциямен айналыссақ та, эстетиканы назардан тыс қалдырмаймыз.

- Дәрігерлік жолыңыздың бастауында сіз үшін шешуші болған сәт болды ма?

- Иә, болды. Бір қарағанда өте шағын операция еді. Бірақ дәл сол кезде дәрігер жұмысының ең басты мәні – науқасқа нақты көмек көрсету екенін терең түсіндім. Сол кішкентай операция менің кәсіби бағытымды айқындап берді.

- Қазір орталықтағы негізгі бағыт қандай?

- Біздің орталықтағы басты бағыт – реконструктивті-пластикалық хирургия. Мұнда тек онкологиялық диагнозы бар науқастар ғана емес, сонымен қатар әлеуметтік маңызы бар аурулармен ауыратын адамдар да ем алады. Біз тері мен жұмсақ тін ісіктерімен, сүт безі, бас және мойын аймағындағы патологиялармен жұмыс істейміз. Мұндай жағдайларда реконструктивті хирургия адамның сыртқы келбетімен қатар, өмірлік маңызды функцияларын қалпына келтірудің негізгі құралына айналады.

- Қазір орталықта қандай жаңа әдістер енгізіліп жатыр?

- Қазіргі таңда біз сүт безін бір сәтте қалпына келтіру әдісін енгізіп жатырмыз. Бұл операция ісікті алып тастау барысында бірден реконструкция жасауға мүмкіндік береді. Ота кезінде отандық ксеногенді материал қолданылады. Бұл тәсіл пациенттің өмір сапасын жақсартып қана қоймай, отандық медицинаның дамуына жаңа серпін береді.

- Бұл әдістің пациент үшін маңызы неде?

- Бұл әйелдің психологиялық жағдайы үшін аса маңызды. Себебі ісікті алып тастағаннан кейін сүт безінің пішіні бірден қалпына келеді. Ең бастысы – қолданылатын материал отандық, қауіпсіз және қолжетімді.

- Онкохирургияға қалай келдіңіз?

- 2016 жылы осы орталықтың резидентурасына түскен кезде онкология саласына келдім. Сол кезеңнен бастап реконструктивті хирургиямен айналыса бастадым. Бұл бағыт мені ерекше қызықтырды, өйткені ол тек ісікті алып тастау емес, адамның өмір сапасын, сыртқы келбетін және өзіне деген сенімін сақтауға бағытталған. Меніңше, заманауи онкохирургияның мәні де осында. Ал хирург ретіндегі алғашқы тәжірибем қарапайым іріңді ісікті ашудан басталған.

- Жаңағы операция тақырыбына қайта оралсақ... Қолданылып жатқан материалдың ерекшелігі қандай?

- Бұл әдістің басты артықшылығы – Қазақстанда өндірілген биоматериалды пайдалануымызда. Материал ірі қара малдың іш пердесінен алынады, құрамында коллаген өте көп. Ол тығыз әрі икемді, имплант пен тіннің арасында биологиялық қабат ретінде қызмет атқарады. Сонымен қатар сәулелік терапия кезінде имплантты қорғап, асқынулардың алдын алады.

- Бұл әдістің ғылыми негізі қалай қалыптасты?

- Медициналық матрицаның идея авторлары – Қабылбек Ризабекұлы Әбуғалиев пен Динара Ермекқызы Саменова. Біз олардың еңбегін жалғастырып, әдіске лимфовенулярлық анастомоз салу элементін қостық. Бұл қайталама лимфедеманың алдын алуға және пациенттің өмір сапасын арттыруға мүмкіндік береді.

- Операциялар қандай жабдықтармен жасалады?

- Орталықта флуоресцентті насадкасы бар операциялық микроскоп қолданылады. Бұл лимфа түйіндері мен тамырларын нақты көруге мүмкіндік береді. Соның арқасында операциялар жоғары дәлдікпен жүргізіліп, лимфедема қаупі айтарлықтай төмендейді. Пациенттер тезірек қалпына келіп, асқынулардан қорғалады.

- Әдіс қазір қандай кезеңде тұр?

- Қазір бұл тәсіл клиникалық сынақтан өтіп жатыр. Соңғы кезеңге жақындадық. Алғашқы операциялар оң нәтиже көрсетті: пациенттер толық қалпына келіп, эстетикалық тұрғыдан да жақсы көрсеткіштерге қол жеткізді. Толық талдау 2026 жылдың екінші жартысында аяқталып, нәтижелері халықаралық ғылыми журналдарда жарияланады.

- Пациенттер үшін олардың қауіпсіздігі қандай деңгейде?

- Бұл әдіс сүт безі обырына шалдыққан әйелдерге арналған және әр науқасқа жеке таңдалады. Операциядан кейін қалпына келу уақыты қысқа, өмір сапасы жоғары деңгейде сақталады. Ең бастысы – әйел өзінің сенімін, әйелдік болмысын жоғалтпайды. Зерттеу нәтижелері бойынша әдіс толықтай қауіпсіз, асқыну жағдайлары тіркелген жоқ.

- Бұл жаңашылдықты отандық медицина үшін қалай бағалар едіңіз?

- Бұл – қазақстандық хирургия үшін үлкен жетістік. Сүт безі обыры – ең жиі кездесетін онкологиялық аурулардың бірі. Оны емдеудің және қалпына келтірудің жаңа тәсілін енгізу отандық онкохирургияның сапалық деңгейін арттырады. Ең маңыздысы – әдістің өз мамандарымыз тарапынан жасалуы.

- Шетелдің тарапынан қызығушылық бар ма?

- Иә, бар. Қазір аймақтық орталықтармен және шетелдік әріптестермен келіссөздер жүргізіп жатырмыз. Қытай мамандары да қызығушылық танытты. Ол жақта ұқсас материал ретінде малдың жүрек қабы қолданылады, бірақ ол әлдеқайда қымбат. Ал біз қолданатын материал іш пердеден алынады, сол себепті бір шикізаттан бірнеше биоматериал жасауға болады. Бұл әдісті экологиялық әрі экономикалық тұрғыдан тиімді етеді. Сондықтан оның Қазақстан үшін ғана емес, басқа елдер үшін де әлеуеті жоғары.

- Алдағы жоспарларыңыз қандай?

- Болашақта жұтқыншақ пен өңеш қатерлі ісігіне шалдыққан науқастардың дауысын қалпына келтіру, сондай-ақ жарақат немесе ауру салдарынан жыныс ағзаларын жоғалтқан пациенттерге реконструкция жасау операцияларын енгізгім келеді. Лимфатикалық ісіктерді емдеудегі супермикрохирургияны терең меңгеру де жоспарымда бар.

- Уақытыңызды бөліп, сұхбат бергеніңізге рахмет!

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы