Әйелдің мешітте намаз оқуы дұрыс па? – ҚМДБ жауап берді
Мүфтияттың айтуынша, әйелдердің мешітке барып жамағатпен намаз оқуының айыбы жоқ. Алайда үйде оқығаны абзалырақ, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Осы орайда ҚМДБ Шариғат және пәтуа бөлімі Алла Елшісінің төмендегі сөзін келтіреді:
"Әйелдеріңе мешітке баруға тыйым салмаңдар. Бірақ үйлері олар үшін мешітке барудан да қайырлы.
ҚМДБ хабарлауынша, Ханафи мәзһабының ғалымдары фитнаға (бұзақылық) түсіп қалу қаупі болғандықтан, жас әйелдердің мешітке барып жамағатпен намаз оқуын мәкруһ санаған. Бірақ бұл жасы үлкен әйелдерге қатысты емес.
Қарт әйелдердің таң және ақшам мен құптан намаздарында мешітке баруына болады. Бұл – имам Әбу Ханифаның көзқарасы. Өйткені ниеті бұзақылар бесін мен екінті намазында қаптап жүреді. Ақшам намазында кешкі асын ішумен әлек, таң намазы мен құптанда ұйқыда болады дейді. Әбу Юсуф пен Мұхаммедтің пікірі бойынша қарт әйелдер барлық парыз намаздарда мешітке бара алады, - делінген ҚМДБ сайтында.
Бірақ Шариғат және пәтуа бөлімі мешітте әйелдерге арналған бөлек жер болса және ол жерге барар жолда көпшілікке көрінбейтіндей болса дегенді айтады. Басты мақсат – әйелдің абыройы мен қоғамда түрлі бүліктердің тууына жол бермеу.