Әйелдің кеудесіне қол тигізген: Гүл жеткізген курьерге айып тағылды
Ер адам анықталып, полицияға жеткізілді.
14 ақпанда жағымды тосынсый болуы тиіс гүл жеткізу қызметі алматылық әйел үшін қауіпті жағдайға айналған, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Жәбірленушінің айтуынша, курьер оның пәтеріне кіріп, жыныстық сипаттағы әдепсіз әрекет жасаған – әйелдің кеудесіне қол тигізген. Бұл жағдай оның өз үйінде қорқыныш сезінуіне себеп болған.
Мен ешқашан өз үйімде қорқамын деп ойлаған емеспін. Бұл – менің пәтерім, менің жеке кеңістігім, менің қауіпсіздігім. Неліктен мен курьерлерге есік ашудан қорқуым керек? – деді әйел видеоүндеуінде.
Аталған оқиғаға Алматы қалалық Полиция департаментінің баспасөз қызметі пікір білдірді. Ведомство мәліметінше, курьердің әрекеттері құқыққа қайшы деп бағаланған, іс материалдары сотқа жолданған. Онда оған құқықтық баға беріледі.
Алматы қаласы Бостандық аудандық Полиция басқармасында азаматшаның арызы бойынша әкімшілік іс қозғалғаны нақтыланды.
Ер адам анықталып, полицияға жеткізілді. Қазіргі уақытта арызданушының уәждері мен екінші тараптың түсініктемелері тексерілуде, оқиғаның барлық мән-жайы зерделеніп жатыр, – деп хабарлады полиция өкілдері.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, Астанада ер адам 12 жасар қызға лифтіде тиіскені үшін 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынды.