Бүгiн 2026, 16:26 Фото: ©BAQ.KZ архиві/ЖИ

Әйелді төрт ай бойы аңдыған: Семейде сталкерге үкім шықты

Әйелді оның бірнеше рет бас тартқанына қарамастан аңдыған

Семей қаласында сот бірнеше ай бойы әйелді аңдыған 31 жастағы ер адамға қатысты қылмыстық істі қарады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Іс материалдарына сәйкес, айыпталушы төрт ай бойы жәбірленушіге жүйелі түрде хабарламалар жазып, қоңырау шалған, оның үйі мен жұмыс орнына барған, сондай-ақ туыстары арқылы ықпал етуге тырысқан. Мессенджерлерде бұғатталғанына және абоненттік нөмірлері ауыстырылғанына қарамастан, ер адам байланыс орнатуға тырысуды тоқтатпаған.

Осылайша жәбірленушіге психологиялық қысым көрсеткен. Қудалау фактілері тіркелгеннен кейін қылмыстық іс бір тәулік ішінде сотқа жолданды. Сот талқылауы барысында айыпталушының кінәсі дәлелденді. Сот оны ҚР Қылмыстық кодексінің 115-1-бабы бойынша кінәлі деп танып, 100 сағат қоғамдық жұмысқа тарту жазасын тағайындады. Сонымен қатар, оның мінез-құлқына 10 ай мерзімге ерекше талаптар белгіленді, деп хабарлады Абай облысының ПД баспасөз қызметі. 

Еске салайық, бұған дейін Семейде жұртты шошытқан қыз психиатриялық ауруханаға жатқызылды.