Бүгiн 2026, 12:00 Фото: Мәжілістің баспасөз қызметі

“Әйелді сыйға тартқанын” айтқан псевдоимамға қатысты депутат дабыл қақты

Ермұрат Бәпи Бас прокурорға сауал жолдап, теріс діни насихатқа қарсы заңды күшейтуді ұсынды.

Мәжіліс депутаты Ермұрат Бәпи Бас прокурорға депутаттық сауал жолдап, интернет пен әлеуметтік желілерде таралып жатқан теріс діни насихатқа, псевдодіни уағызшылардың әрекетіне және олардың ұлттық құндылықтарға ықпалына алаңдаушылық білдірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Депутат бұл мәселе сырт көзге жекелеген азаматтардың жеке пікірі не тұрмыстық дауға ұқсап көрінгенімен, шын мәнінде қоғамдық тұрақтылыққа, ұлттық мәдени бірегейлікке және елдің ақпараттық қауіпсіздігіне қатер төндіруі мүмкін екенін айтты.

“Псевдодіни авторитеттер” қоғам санасына ықпал етіп жатыр

Ермұрат Бәпидің айтуынша, соңғы жылдары интернет кеңістігінде өзін дін атынан сөйлейтін тұлға ретінде көрсететін, алайда ресми діни құрылымдарға қатысы жоқ адамдардың ықпалы күшейген. Оның сөзінше, мұндай адамдар дінді құрал етіп, қоғам санасына манипуляция жасап отыр.

Сөз нәзік діни дүниені жалбағай жамылып, елдің интернет әлемінде халықтың санасына манипуляция жасайтын “псевдодіни авторитеттер” турасында болмақ, – деді депутат.

Ол мұндай “уағызшылардың” қарабайыр догманы алға тартып, ғасырлар бойы қалыптасқан қазақы танымға, салт-дәстүрге және дәстүрлі рухани құндылықтарға қарсы көзқарас таратып жатқанын айтты.

Дүмше догманы тықпалаған бұл қарабайыр діндарлар біздің ұлттық ұстанымды ірітіп, мемлекетіміз бен қоғамның тағанын теңселтуде, – деді ол.

Қоғамда резонанс тудырған мәлімдемелер мысалға келтірілді

Депутат соңғы уақытта қоғамда үлкен резонанс тудырған бірнеше жағдайды мысалға келтірді. Соның бірі – интернеттегі подкастардың бірінде ресми діни құрылымға қатысы жоқ адамның үш әйелі барын айтып, олардың бірін өзінің шәкіртіне “сыйға тартқанын” ашық мәлімдеуі.

Ермұрат Бәпи бұл сөздерді тек адамгершілікке жат қылық емес, сонымен қатар құқықтық және қоғамдық тұрғыдан аса ауыр мәселе ретінде бағалады.

Бұл мәлімдемені адами моральға жат қылық қана емес, сонымен бірге азаматтық неке жөніндегі заңнаманы көпе-көрнеу бұзу, қазіргі Қазақстандағы дәстүрлі дінді мансұқ ету және оның құндылықтарына қасақана нұқсан келтіру деп түсіну керек, – деді депутат.

Ол мұндай мәлімдемелерге құқықтық тұрғыдан қатаң баға берілуі тиіс екенін айтты.

Жалпы адамды сыйға тарту – бұл адам сату, адам саудасы санатындағы қылмыс саналуы тиіс. Заңды белшесінен басып, ойына келген шариғатын шатып отыратын мұндайларға тосқауыл қойылуы керек, – деді ол.

Мәжілісменнің пікірінше, әйелді жеке тұлға емес, “зат” ретінде көрсету – қоғамның адамгершілік нормаларына да, зайырлы құқықтық мемлекеттің қағидаттарына да қайшы.

Адам түгілі, хайуанға жанашырлық танытуды дәріптейтін дін өкілі өз әйелін хайуаннан бетер етіп, ашық сыйға беруі – қоғамдық жазғыруға пара-пар қылмыс саналуы тиіс, – деді Ермұрат Бәпи.

Наурызды жоққа шығару – ұлттық тамырға күмән келтіру

Депутат өз сауалында әлеуметтік желіде тараған тағы бір даулы мысалды атады. Онда сақал қойып, өзін діндар ретінде көрсететін адамның Наурыз мейрамын исламға жат мереке деп сипаттаған видеосы қоғам талқысына түскен.

Ермұрат Бәпи мұндай мазмұндағы мәлімдемелерді жай ғана пікір емес, ұлттық кодқа қарсы бағытталған көзқарас ретінде бағалады.

Бұл дақпырт табиғатпен тел туатын мерекені жоққа шығару ғана емес, сонымен бірге біздің халықтың ғасырлардан тамыр тартатын салт-дәстүріне, ұлттық мәдениеті мен бірегейлігіне күмән келтірудің кебі, – деді ол.

Оның сөзінше, мұндай риторика қоғамдық пікірге сызат түсіріп, қазақ қоғамын діни және мәдени тұрғыдан жікке бөлуі мүмкін.

“Әкімшілік жаза жеткіліксіз”

Депутат аталған жағдайлар бойынша кейбір тұлғалардың әкімшілік жауапкершілікке тартылғанын атап өтті. Алайда ол мұндай шаралар мәселенің ауқымына сай емес деп санайды.

Құрметті Бас прокурор мырза, елдегі діни негіздегі қоғамдық жарқышақ асқынып кетпесін десек, әкімшілік жазамен ғана ушығып бара жатқан жағдайды ауыздықтау аздық етеді, – деді Мәжіліс депутаты.

Осыған байланысты Ермұрат Бәпи әлеуметтік желілер мен онлайн-платформалар арқылы теріс діни насихат жүргізетін, діни араздықты қоздыратын тұлғаларға қатысты заңнаманы күшейтуді ұсынды.

Әсіресе, әлеуметтік ресурстар арқылы теріс діни насихат пен діни араздықты қоздырушы тұлғаларды қылмыстық жауапкершілікке тартуға мүмкіндік беретін заң нормаларын депутаттар корпусының талқылауына ұсынуды сұраймын, – деді ол.

“Жастардың санасы әлеуметтік желіде қалыптасып жатыр”

Ермұрат Бәпи бұл проблеманың ең қауіпті тұсы – оның жас ұрпаққа әсері екенін ерекше атап өтті. Оның айтуынша, бүгінде жастардың сенімі, танымы мен қоғамдық көзқарасы көбіне мешітте немесе ресми діни институттарда емес, TikTok, YouTube, Instagram және подкаст алаңдарында қалыптасып жатыр.

Ең бастысы – бұл уағызшы-сымақ тобыр біздің жас өскін ұрпақты, елдің болашағын улауда, – деді ол.

Депутаттың пікірінше, сырттан сіңген радикал сипаттағы уағыздар жастарды ұлттық салт-дәстүрден, тарихи тамырдан және қоғамдық жауапкершіліктен ажыратып жіберуі мүмкін.

Буыны бекімеген жастардың сарыуыз санасына желімдей жабысқан теріс діни уағыз оларды ұлттық салт-дәстүр дағдысынан айырудың айласын жасауда. Олардың сиқырына алданған жастар “жоғалған ұрпаққа” айналуы ғажап емес, – деді Ермұрат Бәпи.

Ұлттық дәстүрлерді “харам” деу – қазақы дүниетанымға шабуыл

Мәжілісмен кейбір интернет-уағызшылардың Ораза айт пен Құрбан айттан басқа мерекелерді, тіпті мемлекеттік мейрамдарды, сондай-ақ туған күн, шілдехана, тұсаукесер, беташар секілді ұлттық дәстүрлерді “харам” деп сипаттайтынын сынға алды.

Ол мұны жай діни түсіндіру емес, қазақтың тарихи-мәдени негізіне қарсы бағытталған идеологиялық қысым деп бағалады.

Біздің түркілік тамырымыздан тарайтын құндылықтар олар үшін жат, харам, бөтен, – деді депутат.

Ермұрат Бәпи бұл ретте зайырлы мемлекеттің негізгі қағидаттарын қорғау қажеттігін атап өтті.

Халықтық, қазақтық ұлттық дәстүрлерге қарсы шығу – Қазақстанның конституциялық құрылысына қарсы шығу деген сөз. “Қазақстан – зайырлы мемлекет” деп Ата заңда атап көрсетілген қағидатқа діни даңғазамен қарсы шығу – қылмыс, – деді ол.

“Ақпараттық терроризм” қаупі бар

Депутат қоғамда болып жатқан бұл құбылысты жай ғана діни пікірталас емес, ақпараттық кеңістіктегі қауіпті идеологиялық ықпал ретінде сипаттады.

Біздің бүгінгі қоғам “ақпараттық терроризм” деп атауға болатын қиянатты құбылысқа тап болды, – деді Ермұрат Бәпи.

Оның айтуынша, бұл құбылыс қоғамдық құндылықтарды әлсіретіп, адамдардың түсінігі мен түйсігін теріс бағытқа бұрып, агрессивті мазмұнды идеяларды саналы түрде сіңіруге бағытталған.

Ресми діни институттар да белсенді болуы керек

Депутат өз сауалында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы мен ресми діни институттардың да бұл мәселеге қатысты белсенді позиция ұстануы қажет екенін айтты. Оның пікірінше, қоғамда резонанс тудырған даулы діни мәлімдемелерге ресми дін өкілдері уақтылы әрі ашық жауап беруі керек.

Менің ойымша, ресми қауымдастық сырттан сіңген теріс діндарлардан қаймығып, “сен тимесең, мен тимен” деген ұстанымға кеткен тәрізді, – деді ол.

Ермұрат Бәпи Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы цифрлық кеңістіктегі жұмысын күшейтіп, әлеуметтік желілердегі даулы діни контентке дер кезінде үн қатуы тиіс деп санайды.

Олар цифрлық кеңістікке шығып, ел іші мен онлайн ортадағы діни кикілжіңге дер кезінде реакция жасап, қоғамды зұлым уағыздар қоршауында қалдырмауы тиіс, – деді депутат.

Бас прокуратура мен құзырлы органдарға үндеу

Сауал соңында Мәжіліс депутаты Бас прокуратура мен өзге де құзырлы органдарды онлайн ортадағы діни сипаттағы арандатушы, бөлуші, радикалдық мазмұндағы контентке құқықтық баға беруді күшейтуге шақырды.

Ол бұл мәселені кейінге қалдыру қауіпті екенін ескертті.

Егер біз бұл теріс догмаға бүгін өте қатаң және жүйелік тойтарыс бермесек, ертең кеш қалуымыз мүмкін, – деді Ермұрат Бәпи.