Бүгiн 2026, 16:21 Фото: ©BAQ.KZ архиві/Арман Мухатов

«Әйелді буындырып өлтірген»: 19 жыл бостандықта жүрген адам сотталды

Оның жеке заттарын ұрлап, ал мәйіті лақтырып тастаған.

Алматы облысында 2006 жылғы кісі өлтіру ісі ашылды. Кінәлі 19 жылдан кейін сотталды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Белгілі болғандай, 2006 жылғы қыркүйекте Алматы қаласында үш адам такси жүргізушісі ретінде Қырғыз Республикасының азаматшасын автокөлікке отырғызған. Әйелді буындырып өлтірген. Оның жеке заттарын ұрлап, ал мәйітті «Алматы – Қапшағай» тасжолына тастаған.
 
2007 жылы екі сыбайлас сотталған, алайда үшінші тұлғаға қатысты іс жүргізу тоқтатылған. Қылмыстық іс мұрағатта болған және талаптарға қайшы түрде өткен жылдардағы ашылмаған кісі өлтірулер тізіміне енгізілмеген.
 
Алматы облысы прокуратурасының қызметкерлері Аида Иманалиева мен Алия Сарсекеева мұқият талдамалық жұмыс жүргізіп, нәтижесінде жасырын қылмысты ашты. 

Өткен жылдардағы істерге жүргізілген мониторинг барысында олар негізсіз тоқтатылған іс жүргізуді және қылмыскерді іздестіруге тиісті бақылаудың болмағанын анықтады.

Прокуратура қызметкерлері деректер базаларына жан-жақты салыстыру жүргізіп, қосымша мәліметтер сұрату арқылы күдікті «К»-ның Қарасай ауданында нақты орналасқан жерін анықтады.

Иманалиева мен Сарсекееваның бастамашылығы мен кәсібилігінің арқасында әділдік қалпына келтірілді. Олар тергеу органдарына нақты нұсқаулар беріп, тергеу барысын ерекше бақылауға алды. 2025 жылғы 9 шілдеде күдікті ұсталды. Дәлелдемелер жиналғаннан кейін іс сотқа жолданды. 2026 жылғы 24 ақпанда сот айыптау үкімін шығарып, кінәлі 16 жылға бас бостандығынан айырылды, - деп атап өтті ведомство өкілдері.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.