Әйелдердің зейнет жасы өзгере ме
Елімізде зейнетақы жүйесі қалай жетілдірледі? Зейнеткерлерге қандай мүмкіндік жасалған? Осы тақырып аясында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Ақмәди Сарбасов BAQ.KZ тілшісінің сауалына жауап берді.
Әйелдердің зейнет жасын төмендетіле ме?
Президенттің 2022 жылғы 1 қыркүйектегі "Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам" атты Жолдауына сәйкес, әйелдердің зейнет жасын арттыру 2028 жылға дейін 61 жаста тоқтатылды. Бұл шешім көптеген қазақстандық әйелдер үшін маңызды жеңілдік болды. Алайда 2028 жылдан бастап 2031 жылға дейін зейнеткерлік жас кезең-кезеңімен 63 жасқа дейін өседі. Бұл қадам бюджет жүктемесін азайтып, зейнетақы жүйесінің тұрақтылығын қамтамасыз ету мақсатында қарастырылып отыр. Қазіргі таңда әйелдердің зейнет жасын қайта қарау күн тәртібінде жоқ. Демек, 61 жас шегі 2028 жылға дейін өзгеріссіз қалады.
Жұмыс істейтін зейнеткерлерге қандай мүмкіндік бар?
ҚР Әлеуметтік кодекстің 196-бабының 4-тармағына сәйкес, зейнет жасына жеткен азаматтар жұмысын жалғастыра алады. Бұл дегеніміз, зейнеткерлер жалақы мен зейнетақыны қатар ала алады. Бұл мүмкіндік қазақстандықтарға қаржылық тұрақтылығын сақтауға көмектесіп қана қоймай, жұмыс күшінің тәжірибелі мамандармен қамтамасыз етілуіне де ықпал етеді.
Базалық зейнетақы мөлшері қалай өседі?
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2023 жылдан бастап 2027 жылға дейін ең төменгі базалық зейнетақы мөлшері кезең-кезеңімен өсірілмек. Бұл өзгерістер азаматтардың зейнетақысының инфляция деңгейіне сай болуын қамтамасыз етеді.
2025 жылғы 1 қаңтардан бастап ең төменгі базалық зейнетақы – ең төменгі күнкөріс деңгейінің 65%-дан 70%-ға дейін артады. Ал ең жоғары базалық зейнетақы – 105%-дан 110%-ға дейін көтеріледі. 2026 жылы 1 қаңтардан бастап ең жоғары базалық зейнетақының мөлшері 110%-ға дейін өседі.
Зейнетақы жүйесі қалай жетілдіріледі?
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі зейнетақы жүйесін одан әрі дамыту бойынша белсенді жұмыс істеп жатыр. Министрлік жаңа тәсілдер мен идеяларды қарастырып, сарапшылар қауымдастығымен пікір алмасу үстінде.