Әйелдердің мазасын алып, басқан ізін аңдыған екі шымкенттік қамауға алынды
Шымкентте сталкинг жасаған екі күдікті қамауға алынды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Полиция қызметкерлері әйелдерге қатысты жасалған сталкингтің екі дерегін анықтап, жолын кесті. Екі жағдайда да күдіктілер жәбірленушілермен бұрын-соңды таныс болған.
Алғашқы оқиғада қала тұрғыны полицияға бұрын қарым-қатынаста болған ер адамға қатысты арызданған. Қарым-қатынастың тоқтағанына қарамастан, күдікті әйелді мазалап, түрлі нөмірлерден қоңырау шалып, хабарламалар жазған, үйіне және жұмыс орнына барып, тыныштығын бұзған. Күдікті қамауға алынды. Екінші жағдайда сталкинг физикалық күш қолдануға ұласып, жәбірленуші полицияға жүгінген. Аталған жайт бойынша сталкинг және ұрып-соғу баптарымен қылмыстық іс қозғалып, күдікті қамауға алынды, - деп хабарлады ІІМ баспасөз қызметі.
Қылмыстық істер тәулік ішінде сотқа жолданды.
Еске салайық, бұған дейін Павлодарда WhatsApp пен желі арқылы мазалау фактісіне қатысты тергеу жүргізіп жатқанын хабарладық.
Маңғыстауда да сталкинг деректері тіркелді. Полиция бұрынғы сүйіктісінің мазасын алған жігіттердің үстінен іс қозғады.
Айта кетейік, Шымкентте сталкердің құрбанына айналған марқұм Нұрай Серікбайдың ісі қоғамды дүр сілкіндірді. 2026 жылғы 11 қаңтар күні көпқабатты тұрғын үйдің маңынан 21 жастағы қыздың мәйіті табылған. Куәгерлер марқұмның денесінде пышақ жарақаттары болғанын айтқан. Полиция күдіктінің марқұммен бұрын таныс болғанын мәлімдеді.
Кейін 13 қаңтарда полицияның жедел-іздестіру шаралары барысында Шымкент қаласының 21 жастағы тұрғынын өлтірді деген күдікпен 28 жастағы ер адамды ұстады. Сот оны қамауға алу туралы шешім шығарды, тергеу «Адам өлтіру» бабы бойынша жүргізіліп жатыр.
Пышақ жарақатынан қаза тапқан қыздың туған ағасы әлеуметтік желіде мәлімдеме жариялап, болған оқиғаға қатысты отбасының ұстанымын жеткізді. Марқұмның ағасының айтуынша, Нұрай күдіктімен шамамен бір жылдай таныс болған. Оның сөзінше, ер адам кейіннен қызды алып қашқанымен, Нұрай қашып құтылған. Осыдан кейін күдікті оны аңдып, қоқан-лоқы көрсетуді жалғастырған.
Айта кетейік, бұған дейін Шымкент қалалық полиция департаментінің басшысы Нұрлан Алмасбеков резонанс тудырған студент Нұрай Серікбайдың өлімінен кейін қызметінен босатылған болатын. Сондай-ақ қалалық ПД басшысының бірінші орынбасары атқаратын лауазымдарынан босатылып, бірқатар лауазымды тұлғалар ішкі істер органдарынан қызметтен шығарылды.
Белгілі болғандай, Шымкентте Нұрай Серікбайдың өліміне қатысты тағы бір қылмыстық іс қозғалды. Аталған іс ҚР Қылмыстық кодексінің 125-1-бабы – «Неке қиюға мәжбүрлеу» бойынша қозғалған. Кісі өлтіруші өмір бойына бас бостандығынан айрылуы мүмкін.
Сондай-ақ, Астанада әйелді 6 ай бойы аңдыған сталкер сотталды.