Әйелдер зорлық-зомбылыққа төзуі керек пе?
Биыл Ақтөбе облысында әйелдеріне қол көтеріп, отбасының берекесін қашырған 671 ер-азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылған, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Соңғы жылдары елімізде әйеліне қол көтеріп, тұрмыстық зорлық-зомбылық көрсететін ер-азаматтардың қатары көбейіп барады. Отбасында зәбір көрген мұндай әйелдердің дені басындағы қайғысын өзгелерге айтуға жасқанса, енді бірқатары жұбайынан ажырасуға бел буады. Жалпы, қазір қоғамда әйелдердің отбасылық жағдайда тұрмыстық зорлық-зомбылық көруі жиі талқыланып жүр. Біз осы орайда облыстағы бірқатар мамандармен тілдескен едік.
«Ұрып-соққан»: 345 дерек тіркелді
Ақтөбе облыстық полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасының әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының инспекторы Ақгүл Қасанғалиеваның айтуынша, биыл өңірде отбасындағы қылмыс саны 42,9 пайызға азайған.
Биыл облыс бойынша отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласында жасалған қылмыстық құқық бұзушылықтар көрсеткіші төмендеді. Былтыр 7 қылмыстық іс тіркелсе, биыл олардың саны — төртеу. Оның ішінде біреуі денсаулыққа ауыр зиян келтіру дерегі, ал үшеуі денсаулыққа орташа зиян келтіру дерегі бойынша тіркеліп отыр. Отбасында жасалған қылмыстардың дені дау-жанжалдың, сондай-ақ қызғаныштың кесірінен болған. 4 қылмыстық іс те адамдардың мас күйінде жасалған, — дейді Қасанғалиева.
Оның айтуынша, жыл басынан бері Ақтөбе облысында учаскелік полиция инспекторлары отбасында ойран салған 1095 азаматқа қорғау нұсқамасы шығарылған, сот арқылы құқық бұзушылардың мінез-құлқына 401 ерекше талаптар белгіленген. Оның ішінде қорғау нұсқамасын (ҚР ӘҚБтК-нің 461-бабы) бұзғаны үшін 65 құқық бұзушыға әкімшілік хаттама жасақталып, әкімшілік сотқа жолданған. Жалпы саны 671 тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
Облыста отбасылық-тұрмыстық қатынастарда адамның денсаулығына қасақана жеңіл зиян келтіргені үшін 47 құқықбұзушы, ал ұрып-соққаны үшін 345 құқықбұзушы әкімшілік жауапкершілікке тартылды, — дейді Қасанғалиева.
Оның айтуынша, бүгінде облыста әйелдер арасындағы тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуда жан-жақты жұмыстар жүргізіледі. Соның бір бағыты — көмекке мұқтаж әйелдерді облыстағы дағдарыс орталықтарына орналастырылып, оларға жан-жақты қолдау көрсету.
Қазіргі таңда Ақтөбе қаласында әйелдер мен балаларға көмек көрсететін осындай үш орталық бар. Соның бірі — «Малика» тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына арналған дағдарыс орталығы. Бұл орталық 2017 жылдан бері жұмыс істейді. 20 адамға арналған. Бүгінде мұнда әлеуметтік қызмет алушыларға психолог, заңгер, әлеуметтік жұмыс жөніндегі маман, тәрбиеші, еңбекке баулу маманы және медбике қызмет етеді.
Орталыққа қабылданған әйелдер алты ай бойы тегін әлеуметтік қызмет алып, мамандардан көмегіне жүгіне алады.
Былтыр орталыққа келген 12 ана жұмысқа тұрғызылды. Ал олардың балалары, 22 бала мектепке, 14 бала балабақшаға орналастырылды. 11 ана «Отбасы банкі» арқылы пәтер алуға кезекке қойылды. Биыл да орталыққа қабылданған әйелдерге мамандар жан-жақты көмек көрсетіп жатыр, — дейді орталықтың басшысы Динара Қарабалина.
«Төрт баламен далада қалдым...»
Ақтөбе қаласының тұрғыны Бану Мұратова — (кейіпкердің өтініші бойынша аты-жөні өзгертілді — авт.) төрт баланың анасы. 21 жасында тұрмысқа шыққан ол жолдасымен 20 жылға жуық уақыт бірге тұрған. Алайда ұзақ жыл бойы отбасында күйеуінен зәбір көрген ол ақыры балаларының келісімімен ажырасуға бел буыпты. Қазір оның тұңғышы студент болса, кенжесі — 6 жаста. Биыл 1-сыныпқа барады. Бану қазір балаларымен пәтер жалдап тұрып жатыр.
Жолдасым екеуміз бірге оқыдық. Бір-бірімізді жақсы көріп, отбасын құрдық. Бұрын ол ішімдік ішпейтін. Отбасындағы үш ер баланың үлкені еді. Інілеріне жол көрсетіп, оларға әрдайым қолдау көрсетіп келді. Алайда осыдан 7-8 жыл бұрын бір жаман ортаға түсіп, ішімдік ішетін болды. Үйге мас боп келетін. Балалар әкесінің мас күйіндегі түрінен қорқатын болды. Бара-бара жолдасым маған қол көтеретінді шығарды. Үйдегі інілері, анасы оған «қой» демейтін. Балалар екеуміздің жанжалымызды көріп, әр жаққа қашып кететін. Міне, осы «хикая» ұзақ жылға созылды. Ақыры осындай дау-жанжал кезінде үйден кетіп қалдым. Бастапқы уақытта балалар әкесімен тұрды, қазір менімен тұрады. Жолдасыммен ажырасу туралы сөйлескен едік, алайда ол әлі бұл шешіміме көндігер емес. Жуырда алимент төлеуге құжат тапсырамын. Қазір балаларыммен пәтер жалдап тұрып жатырмын. Өзім жұмыс істеймін, — дейді Бану.
Кейіпкеріміз жолдасынан бірнеше мәрте ауыр жарақат алғанын, сондай-ақ психологиялық қысым көргенін айтады. Тіпті, оған енесі мен күйеуінің інілері де қоқан-лоқы көрсетіпті. Мұның барлығына шыдамаған ол балаларын алып, ортақ баспанасынан кетіп қалған. Тұрақты тұратын үйі жоқ, 4 баламен далада қалған көпбалалы ана енді пәтер кезегіне тұрмақшы.
Дәл осындай жағдайға жетемін деп еш ойлаған жоқ едім. 4 бала тәрбиелеп, өсіргенімізге қарамастан, шаңырағымыз шайқалып, осындай күйге жеттік. Қазір өз-өзіме келіп, бар ынтаммен жұмыс жасап жүрмін. Қыздарым үйде барлық шаруаны тындырып қояды. Қазір маған керегі — баспана мен жақындарымның қолдауы, — дейді ол.
8 жылдай уақыт жолдасынан зәбір көрген Бану өз тағдырымен бөлісе келе, алдағы уақытта балаларымен бақытты өмір сүруді армандайтынын жеткізді.
Бұрын қоғамда мұндай мәселелер ашық айтылмады ма, әлде ер-азаматтар арасында әйелдеріне қол көтеретіндер аз болды ма, әйтеуір біз тұрмыстық зорлық-зомбылық дегенді естіген жоқпыз. Біз отбасында 7 бала өсіп, тәрбиелендік. Әке-шешеміз ұрысып, жанжалдасып көрген емес. Сондықтан мен үшін көп жыл бірге тұрып, өмір сүрген адамыңнан зәбір көру — өте қайғылы жағдай. Мұндай оқиға балаларымның өмірінде қайталанбаса екен деймін, — дейді Бану.
8 ауданда отбасын қолдау орталығы ашылады
Өкінішке қарай, қазір қоғамда Бану сияқты қолдауға мұқтаж әйелдер көп. Оларға бүгінде құқық қорғау органдары, әлеуметтік қызмет көрсететін мекемелер мен қоғамдық ұйымдар көмек көрсетеді. Ақтөбе облысы әкімі жанындағы әйелдері істері жөніндегі комиссия хатшысы Маржан Қорғанбаеваның айтуынша, Ақтөбе облысында тұрмыстық зорлық-зомбылық көрген жандарға көмек көрсету мақсатында былтыр бірқатар іс-шаралар өткізілген.
Зорлық-зомбылық — адам құқығын бұзудың ең көп таралған түрі. Былтыр елімізде «Зорлық-зомбылыққа қарсы белсенділіктің 16 күні» науқаны ұйымдастырылып, отбасында күйеуінен зорлық-зомбылық көрген нәзік жандыларға жан-жақты қолдау көрсетілді. Мәселен, «Сен жалғыз емессің!» айдарымен дағдарыс орталықтарындағы қыз-келіншектерге арналған мотивациялық, практикалық, психологиялық тренингтер, өзін-өзі қорғау бойынша шеберлік сағаттары ұйымдастырылды. Полиция қызметкерлері мен комиссия мүшелері, белсенді әкелер зорлық-зомбылық бойынша бірнеше рет қоңырау шалған отбасыларды аралап, агрессорлармен кездесті. Акция шеңберінде ЮНЕСКО өңірлік кеңсесі, Қазақстандағы Канада елшілігі өкілдерінің қатысуымен гендерлік теңсіздік тақырыбы бойынша суреттер байқауы, конференция, әйелдер құқығы тақырыбына арналған лекторийлер өтті. Бұдан бөлек, Ашық есік күнінде облыс әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия, полиция қызметкерлері мен түрлі деңгейдегі мәслихаттар қабылдау өткізіп, «Бақытты отбасы» орталығында дәрігерлер отбасын жоспарлау, жыныстық жолмен берілетін аурулар туралы семинарлар ұйымдастырылды, — дейді Қорғанбаева.
Оның айтуынша, биыл Ақтөбе қаласындағы «Бақытты отбасы» орталығына тұрмыстағы жанжалдарға байланысты 13 әйел және 26 бала психологиялық көмекке жүгінген. 3 әйел бала-шағасымен тұрмыстық зорлық-зомбылықтың құрбандарына арналған орталыққа орналастырылған. 12 отбасына азық-түлік, 3 отбасыға киім-кешек үлестірілген. 7 адам мүлікті бөлу туралы медиациялық келісім жасасу арқылы отбасындағы дауды шешкен, 3 адам ажырасуға арыз берген.
Қазіргі таңда облысымызда мемлекеттік мекемелер мен құзырлы органдардың бірлесуімен «Отбасының цифрлық картасы» ақпараттық жүйесі жасақталып, ақпараттарды енгізу жұмыстары жүргізілуде. Мемлекет басшысының еліміздегі отбасыларға көмек көрсетуді тиімді ұйымдастыру, балалардың құқықтарын бұзудың алдын алу және зорлық-зомбылықты болдырмау жөніндегі тапсырмасын іске асыру мақсатында ағымдағы жылдың қаңтар айында «Шыдай берме! Қорықпа! Үндемей қалма!» атты 102, 111, 150 сенім телефондары көрсетілген инфографикалар мемлекеттік органдардың ресми парақшаларында таратылды. Бүгінде облыс аумағында мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс негізінде зорлық-зомбылық құрбандары мен өмірлік қиын жағдайға тап болған әйелдерге көмек көрсететін екі дағдарыс орталығы жұмыс істеп тұр. Оның біреуі 20 орындық болса, екіншісі — 50 орындық. Сонымен қатар облыстың Мұғалжар, Алға, Хромтау, Шалқар отбасын қолдау орталықтары ашылды. Алдағы уақытта Әйтеке би, Байғанин, Ырғыз, Қарғалы, Мәртөк, Темір, Ойыл, Қобда аудандарының орталықтарында әйелдер мен балаларға көмек көрсететін отбасын қолдау орталықтарын ашу жоспарлануда, — дейді Қорғанбаева.
Психолог не дейді?
БҰҰ-ның ресми статистикасына сүйенсек, әлемде әйелдердің 35 пайызы жыныстық және физикалық зорлық-зомбылық көреді екен. Ал біздің елімізде өткен жылы 300 баланың арасында жүргізілген сауалнаманың нәтижесінде олардың 60 пайызы отбасында өздерін қауіпсіз сезінбейтінін жеткізген. Себебі отбасында әкесі анасына зорлық-зомбылық көрсетеді екен.
Ақтөбелік психолог, педагогика ғылымдарының магистрі, психодраматерапевт Медеухан Жасжанованың айтуынша, көп отбасында ерлі-зайыптылардың қарым-қатынасы дұрыс болмаса, онда балалардың психологиясында өзгерістер болады.
Отбасы психологы болғандықтан, маған көп отбасылар балаларын ертіп келеді. Балалармен сөйлесе келе, мен олардың ата-аналарының арасындағы қарым-қатынастың дұрыс еместігін, әкесінің анасына зәбір көрсететінін аңғарамын. Жалпы, қай кезде де отбасындағы жанжалдың кесірінен балалардың мінезінде ауытқулар, психологиялық өзгерістер болады. Бала отбасында қолдауға мұқтаж, сондықтан кез келген отбасында ата-ана арасындағы қарым-қатынас дұрыс болса, онда бала да бақытты болады. Егер ата-аналар тату болмаса, бір-бірін сыйламаса, жақсы көрмесе, онда балалардың мінезі бұзылып, психологиясы өзгереді, — дейді Жасжанова.
20 жылдық тәжірибесі бар психологтың айтуынша, әйелдер отбасында зорлық-зомбылық көрсе, олар міндетті түрде мамандардан көмек сұрауы қажет. Қандай жағдай болса да, ер адамның әйелге физикалық, психологиялық күш көрсетуі дұрыс нәрсе емес.
Кей жағдайда бұрын отбасында зорлық-зомбылық көріп өскен қыз-келіншектер өмірінде болып жатқан жайттарға оң көзқарас танытуы мүмкін. Бұл — үлкен қателік. Негізінде дені дұрыс, психологиялық жағынан сау адам әйеліне зорлық-зомбылық көрсетпейді. Әйелдің жасаған дүниесін құнсыздандырмайды. Отбасында кез келген қарым-қатынас сыйластыққа, түсіністік танытуға, кешіре білуге үндеуі керек. Жалпы, тәжірибе көрсеткендей, ер адамдар тарапынан әйелге зорлық-зорлық көрсету отбасын құрғаннан кейін басталады. Осы кезеңде әйелдер тарапынан мынадай қателік кетуі мүмкін. «Мені ұрады, бірақ өлтірмейді» деп ойлайды. Негізінде үлкен қателік кішкентай ағаттықтан басталады. Сол сияқты тұрмыстағы зорлық-зомбылық жұлқылау, нұқу, итеріп жіберу, тағы сол сияқты кішкентай дүниелерден басталады. Бұл кейін әйелдің мүгедектікке ұшырауына немесе өліміне әкелуі мүмкін. Сондықтан кез келген жағдайда зорлық-зомбылықтың алдын алу, қажет кезінде өзгелерден көмек сұрау өте маңызды, — дейді психолог.
Медеухан Жасжанованың айтуынша, әйелдер отбасында зорлық-зомбылыққа төзбеуі керек. Өкінішке қарай, қазір елімізде күйеуінен таяқ жесе де ешкімге айтпай, көніп жүре беретін әйелдер көп. Себебі олар көп жағдайда отбасын сақтауға тырысады, балалары үшін күйеуінің таяғына көніп жүре береді. Ажырасып, ата-анасының үйіне баруға намыстанады.
Өмір бақи қорқынышта өмір сүретін әйелдің психикасы да, денсаулығы да нашарлайды. Егер әйелге психологиялық зорлық көрсетілсе, қысым жасалса, онда оның бойында психосоматикалық аурулар пайда болуы мүмкін, — дейді психолог.