2 Қазан 2026, 18:30 Фото: ©BAQ.KZ/Мақпал Орынбек

Әйелдер скрининг пен диагностиканың айырмашылығын біле бермейді – дәрігер

Қазақстанда әйелдерді онкологиялық ауруларды ерте анықтауға арналған скринингтен өтуге белсенді шақыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Алайда халық арасында скрининг пен диагностиканың айырмашылығы туралы түсінік әлі де жеткіліксіз. Бұл туралы онколог дәрігер Данара Сүлейменова мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Дәрігердің айтуынша, белгілі бір жасқа жеткен әйелдер скринингтен өтуге телефон арқылы, учаскелік дәрігерлердің көмегімен және SMS хабарламалар арқылы шақырылады. Ал алдағы уақытта электрондық цифрлық медициналық картаны енгізу арқылы бұл процестерді автоматтандыру жоспарланып отыр.

«Қазір 40, 42, 44 жас сияқты белгілі бір жас санатындағы әйелдерге скринингтен өту туралы белсенді түрде хабарланады. Телефон арқылы шақырады, учаскелік дәрігерлер ескертеді, SMS жүйесі де қолданылады. Ал электрондық цифрлық медициналық карта енгізілген кезде бұл процестер одан әрі автоматтандырылады», – деді Данара Сүлейменова “Әділет” партиясының Әйелдер қанаты өткізген баспасөз брифингінде. 

Маманның айтуынша, әйелдердің басым бөлігі скрининг пен диагностиканың айырмашылығын нақты біле бермейді.

«Шын мәнінде, әйелдердің басым бөлігі скрининг пен диагностиканың айырмашылығын білмейді деп айтар едім. Олар үшін бұл екеуі бір ұғым сияқты. Скринингтің артықшылықтарын бәрі бірдей түсіне бермейді, сондықтан оған барғысы келмейтін әйелдер де кездеседі», – деді онколог.

Данара Сүлейменова қабылдауға келген әйелдердің көпшілігі өздерінің дәл скринингке келгенін нақты түсіндірмейтінін атап өтті. Оның сөзінше, пациенттер «профилактикалық тексеру», «профосмотр», «чекап» сияқты атауларды жиі қолданады.

«Мен қабылдауда әлі бірде-бір әйелдің: “Мен скринингтің не екенін білемін, арнайы скринингтен өтуге келдім” дегенін естіген жоқпын. Олар басқа сөздерді қолданады. Мысалы, “профосмотр”, көп жағдайда “чекап” дейді. Бірақ скринингтің нақты мәнін, оның мақсаты мен ерекшелігін түсіне бермейді», – деді дәрігер.

Онколог бұл мәселені халықтың медициналық сауаттылығындағы маңызды олқылықтардың бірі деп санайды. Оның айтуынша, скринингтің мақсатын дұрыс түсіндіру әйелдердің профилактикалық тексеруден уақытында өтуіне ықпал етуі мүмкін.