Әйелдер кәсіпкерлігін қолдауға арналған алғашқы орталық ашылды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. 19 қарашада Түркістан қаласында Әйелдер кәсіпкерлігін қолдау орталығы ашылды. Бұл елімізде ашылып отырған бірінші орталық.

Орталықтың ашылуы ісшарасына Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның төрайымы Ләззат Рамазанова, Ұлттық экономика вице-министрі Әлішер Әбдіқадыров, Түркістан облысының әкімі орынбасары Арман Жетпісбаев, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының тасқарма төрағасы орынбасары Олжас Ордабаев қатысты, халықаралық ұйымдардың, дипломатиялық корпустың өкілдері.

Айтулы ісшара Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы және Әйелдер кәсіпкерлігінің халықаралық күніне орай ұйымдастырылды.

Мұндай орталықтарды ашу Nur Otan партиясының сайлауалды бағдарламасында қарастырылған, сондай-ақ ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Әйелдердің экономикалық мүмкіндіктерін арттыру шаралары мен құралдары» атты биыл 3 наурызда өткен сарапшылар отырысында орталықтарды құрудың қажеттілігі жайлы атап өткен болатын. Бұл бастаманы жүзеге асыру мақсатында Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия, Ұлттық экономика министрлігі және «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы еліміздің барлық өңірінде 17 орталық ашу туралы келісімге қол қойылған болатын.

Қолдау орталықтары арқылы кәсібін дөңгелетіп отырған іскер ханымдар мен жеке кәсіпті қолға алған қыз-келіншектерге қаржылай емес барлық қызмет түрлерінен қолдау көрсетіліп, жеке бизнес жобаларды іске асыруда практикалық көмек түрлері ұсынылатын болады. Онымен қоса оқыту тренингтері мен мастер-класстар ұйымдастыру, жеңілдетілген несие беру бағдарламаларына, кооперативтік қозғалыстарға тарту, дайын өнімдерді нарыққа өткізу аясын кеңейту жағынан көмек көрсету көзделген.

Ұлттық комиссия төрайымы Ләззат Рамазанова бірінші орталықтың ашылу салтанатында сөйлеген сөзінде бұл орталықтың өңірдің экономикалық әлеуетін нығайтуға және жалпы отбасылардың әл-ауқатын жақсартуға септігін тигізетінін атап өтті.

Қыз-келіншектер кез келген сүйікті ісін табыс көзіне айналдырып, отбасының бюджетін молайта алатынын тәжірибеден көріп отырмыз. Десе де көп жағдайда жеке кәсіпті ашуға білімі жеткіліксіз болып жатады, кейде ынталандыру жетіспесе, енді біріне кәсіпті бастаған алғашқы кезеңдерде қолдау жетіспей жатады. Өңірлердегі қолдау орталықтары қажетті біліктілік пен практикалық тұрғыдан көмек көрсететін ортақ алаң болуы тиіс. Табыс табуды үйренгісі келген кез келген қыз-келіншек, ауылдардан болса да, бұл орталықтарда тек кеңес алып қоймай, іс жүзінде қолдау мен көмек алатынын сезінетін болады. Орталықтар қыз-келіншектердің экономикалық мүмкіндіктерін арттырып қана қоймай, жалпы өңірдің экономикасын күшейте түсетініне сеніміміз мол, - деді Ұлттық комиссия төрайымы Ләззат Рамазанова.

Орталықтарды ашуға қажетті қаражат «COVID-19 індетіне қарсы күрестегі ынтымақтастық қоры» жобасы аясында Азия даму банкі мен БҰҰ даму бағдарламасының бірлескен қаражаты есебінен бөлінеді. Сондай-ақ «Атамекен» ҰКП жанындағы Іскер әйелдер кеңесінің мүшелері қыз-келіншектерге жетекші ретінде қолдау көрсететін болады. Ал «БҰҰ-Әйелдер» Құрылымы орталықтарға қажетті әдістемелік қолдауды қамтамасыз етіп, орталық қызметкерлерін оқыту, әдістемелік сүйемелдеу, кейіннен қыз-келіншектердің өндірген өнімдерін нарыққа өткізуге арналған интернет-порталды әзірлеу ісін жүзеге асырмақ.

Бірінші кезеңде Әйелдер кәсіпкерлігін қолдау орталықтары Түркістан облысы, Алматы облысы және Маңғыстау облысында ашылады. Ал еліміздің қалған өңірлерінде мұндай орталықтар 2022 жылдың наурыз айынан бастап ашылатын болады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы