Әйел мен баланы қорлағандарға аяушылық танытуға болмайды - депутат
Мәжіліс депутаты Жұлдыз Сүлейменова Үкімет басшысына отбасылық тұрмыстық-зорлық зомбылыққа қатысты депутаттық сауал жолдады, деп хабарлады BAQ.KZ тілшісі.
«Жемқорлық үшін сотталып, артынан рақымшылыққа ие болған экс-шенеунік өз әйелін өлтірді» деген күдікпен жантүршігерлік ашық ақпараттардан қоғам дүрбелеңге түсті. Жығылғанға жұдырық демекші, араға 1 апта уақыт салмай, Талдықорғандағы полицияның қызды зорлау фактісі есеңгіреген қоғамға одан сайын соққы болды. Бұл фактілер, аталған ауыр қылмыстар зорлық-зомбылық мәселесіне қайта назарымызды салып отыр. Депутаттардың ұсынысымен 3 жыл бұрын бірнеше қатаң өзгерістер заңнамаға енгізілген. Оның ішінде тұрмыстық зорлық-зомбылық болған жағдайда, қазір хаттама жасау үшін куәгерлердің, көршілердің айғақтары жеткілікті. Тараптардың қайта татуласу мүмкіндігі алынып тасталынып, енді сотта татуласу мүмкіндігі жоқ, - деп айтты Жұлдыз Сүлейменова.
Аталған нақты өзгерістердің өзі отбасындағы әйелдерді қорлауға қажетті деңгейде тоқтау салмай отырғандығы қынжылтады. Соның салдарынан жүздеген қазақстандық әйел өмірінен, денсаулығынан және болашаққа деген үмітінен айырылып отыр.
Депутаттың сөзінше, зерттеулерге сәйкес 2021 жылы үйдегі зорлық-зомбылықтың сотқа тек 40 пайызы жеткен екен. Ал ондай абьюзерлердің көбіне кешірім беріліп, босаған, ал олардың тек 39 пайызы ғана 2 сағаттан 3 тәулікке дейін әкімшілік қамауда отырған.
Отбасылық зорлық-зомбылық, қатыгез патриархалдық озбырлыққа шыдамаған әйелдердің жан дауысын еститін және қатаң шара қабылдайтын уақыт жетті деп білеміз. Осыдан тура бір ғасыр бұрын қазақ халқы дамыған прогрессивті ел болуы үшін әйел теңдігін іске асырып, қоғамдағы қазақ әйелінің ауыр жағдайын шешуге талпынды, - деді Сүлейменова.
Оның айтуынша, қыздарды білімге, өнерге үндеді, отбасындағы жөнсіз қаталдықты, мейірімсіздікті аяусыз әшкереледі. Қазақ әйелдерінің ендігі тағдыры бәрімізге тікелей байланысты. Отбасындағы зорлық-зомбылықты тоқтату үшін – бірінші елімізде құндылықтарға негізделген мәдениетті қалыптастыру, идеологияны жетілдіру, жауапкершілікті күшейту, ең бастысы заңды қатаңдату және оның сапалы орындалуын жүзеге асыруымыз қажет.
Қыркүйектің басында балаларға және отбасындағы әйелдерге қарсы жасалатын зорлық-зомбылықты тоқтату мақсатында, аманаттық-депутаттар арнайы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әйелдердің құқықтарын қорғау және балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелеріне» арналған заң жобасын тез арада әзірледі. Ең бастысы, заң жобасында зорлық-зомбылық қылмыстық іс болып танылады, педофилдерді өмірбақи бас бостандығынан айырылады, жауапкершілік пен жаза күшейтіледі. Сонымен қатар бұл құжат әйелдер мен балаларды қорғауға жоғары жауапкершілік және тұрмыстық зорлық-зомбылық жағдайларына қатаң әрекет ету тетіктерін қарастырады. Дегенмен, небір «қыңыр мүдделі» топтардың араласуымен аталған заң тұжырымдасындағы нормаларды Үкімет қолдамай отыр. Әртүрлі эксперттік ортаға салып, түсініксіз себептермен заң әлі Мәжіліске келген жоқ. Өзіміз жасаған, әйелдер мен балаларды нақты қорғайтын заң жобасына қажетті қорытындыны Үкімет созбалауда. Сонды тағы да қаншама әйелдердің тағдырын сынғанын күтеміз бе? - деді ол.
AMANAT фракциясының депутатары мынадай ұсыныстарын айтты.
Ең бастысы, әйелдер мен балалар зорлық-зомбылықтың құрбаны болмас үшін тіпті жеңіл түрдегі зорлық-зомбылықты қылмыс деп танылуы қажет. Заңнамада жазаны қатайту жүзеге асырылуы тиіс. Әйел мен балаға зорлық-зомбылық көрсеткендерге аяушылық танытуға болмайды. Ешкімнің әйел адамдарды қорлап өлтіруге қақы жоқ! Қылмыскерге қатаң жаза берілуін талап етеміз! Заңнамада тұрмыстағы зорлық-зомбылыққа қарсы күрес жүргізетін жауапты мемлекеттік органды бекітетін уақыт жетті. Үкіметтің әйелдердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, ажырасқан әйелдерге алиментті уақтылы төлеуге бағытталған қатаң шаралар қабылданған мемлекеттік саясатты бекітуді сұраймыз. Отбасылық зорлық-зомбылықтың профилактикасы мен криминализациясы қарастырылған бірнеше депутаттардың бастамасымен әзірленген Заң тұжырымдамасына тез арада оң қорытындыны күтеміз, - деді депутат.