Әйел екі минутқа жүрегі тоқтап, о дүниені көргенін айтты

Техас тұрғыны Триша Баркер көлік апатынан кейін жүрегі 2,5 минутқа тоқтап, клиникалық өлімді бастан өткергенін айтты. Ол жарық жаратылыстарды, марқұм атасын және Құдайды көріп, "таза махаббатты" сезінгенін мәлімдеді. Бұл тәжірибе оның өмірін өзгертіп, мұғалімдік жолды таңдауға себеп болған, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі Daily Mail басылымына сілтеме жасап.

Баркер 21 жасында көлік апатына түсіп, омыртқасы мен аяғы сынған, сондай-ақ көптеген ішкі жарақат алған. Медициналық сақтандыруы болмағандықтан, оған ота жасау үшін 17 сағат күтуге тура келген.

Тришаның еске алуынша, операция үстелінде жатқан сәтінде кенеттен өз денесінен бөлініп кеткенін сезген. Кейін дәрігерлер дәл сол кезде оның жүрегі екі минутқа тоқтап қалғанын айтқан.

Мен хирургтердің артында тұрған жарық нұрға толы жаратылыстарды көрдім. Олар күміс-ақ, алтын, сары және көк түсті. Олар андрогинді еді: ер де емес, әйел де емес, – деп сипаттады ол көрген бейнелерін.

Баркердің айтуынша, ол сол күйінде қабырғалардан өтіп жүре алған, кейін әдемі жасыл жайылымға тап болып, марқұм атасымен кездескен. Сол жерде ол құдайды көргенін айтады.

Бұл – терең вибрация секілді, жоққа шығара алмайтын нәрсе. Бұл таза махаббаттан басқа ештеңе емес, – дейді Триша.

Оның сөзінше, ол құдаймен аз-кем сөйлескен. Құдай оған өмірлік мақсаты – мұғалім болу екенін айтқан көрінеді. Осыдан соң Триша есін жиған. Ол осы оқиғадан кейін құдайға сеніп, мұғалімдік жолды таңдағанын мойындады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Viktor Gladkov/Shutterstock/Fotodom
Өзгелердің жаңалығы