26 Қазан 2026, 11:49 Фото: Спортты дамыту дирекциясы

Айдос Сұлтанғали Астанадағы әлем чемпионатында қола медаль жеңіп алды

Астанада грек-рим күресінен өткен әлем чемпионатында қола медаль иеленген Айдос Сұлтанғали өз өнеріне қатысты пікір білдірді. Балуан ел алдында күресудің қысымды күшейткенін айтып, жартылай финалда қорғанысқа шамадан тыс көңіл бөлгенін мойындады.

Спортшының айтуынша, ол алтын медаль үшін күресіп, қазақстандық жанкүйерлерді қуантуды көздеген. Алайда бұл жолы өз мүмкіндігін толық пайдалана алмады.

Өткен жылдағыдай әлеуетімді толық көрсете алдым деп айта алмаймын. Әрине, өз жанкүйерлеріміздің алдында алтын медаль жеңіп алып, барша қазақстандықты қуантқымыз келді. Өкінішке қарай, бұл жолы қола жүлдемен шектелуге тура келді. Дегенмен бұл да жаман нәтиже емес. Ересектер арасындағы әлем чемпионатында үшінші рет қола медаль иеленіп отырмын, – деді балуан.

Сұлтанғали Қазақстанда өткен жарыстың атмосферасы ерекше болғанын атап өтті. Оның сөзінше, отандастарының қолдауы айқын сезілгенімен, бұл спортшыларға үлкен жауапкершілік те жүктеген.

Жартылай финалда шабуылдан гөрі қорғанысқа көбірек көңіл бөлген сияқтымын. Соның салдарынан күрес мәнерім өзгеріп кетті, – деп түсіндірді ол.

Балуан бұл медальді жаттықтырушылары мен дайындық кезінде қолдау көрсеткен мамандардың ортақ еңбегінің нәтижесі деп санайтынын жеткізді.