Бүгiн 2026, 12:52 Фото: видеодан кадр

Айдос Сарым: Қазақстан келесі дәуірге аяқ басты

Депутаттың пайымдауынша, Қазақстанның болашағы - білім, ғылым және инновацияда

Астанада өтіп жатқан "Референдум-2026" атты онлайн-марафонда ҚР Парламенті Мəжілісінің депутаты, Конституциялық комиссия мүшесі Айдос Сарым жаңа Конституция жобасындағы өзгерістердің мəнін түсіндірді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Оның пікірінше, Қазақстан жаңа бір дәуірге аяқ басты. Бұл кезеңде егемендіктің қайнар көзі – халық.

Біз бір дәуірді аяқтадық. Біз Қазақстандағы мұнай дәуірін аяқтадық. Мұнайды табу қала беретін шығар. Бірақ Digital заманының келуінің екінші жағы да бар. Енді мұнай энергиясына емес, адамның энергиясына негізделген экономика керек. Шағын және орта бизнестің үлесі 40%-ға жетті. Бұл – үлкен жетістік. Бірақ бұдан да артуы керек. Сонда ғана біздің экономика да, мемлекет те қарапайым халыққа тәуелді болады. Сол кезде ғана бір-бірімен астасып, бір-бірін қолдап жатады. Бұрын: «Биліктің қайнар көзі – халық» деп айтатынбыз. Жаңа Конституцияның үлкен бір өзгерісі – енді біз «Егемендіктің де қайнар көзі мен қорғаны – халық» дейміз. Жауапкершілікті бөлетін, ортақ ететін дәуірге келдік, - деді Мәжіліс депутаты.

Айтуынша, Қазақстан ЖИ туралы заң мен Цифрлық кодексті қабылдап, маңызды қадам жасады.

Жетістіктеріміз аз емес. Енді осы бастамаларды Конституция арқылы нығайту қажет. Бұл – шын мәнінде революциялық жаңалық, - дейді Айдос Сарым.