Айдос Сарым: Пропорционалды жүйе азаматтардың құқықтарын шектемейді

Конституциялық комиссия отырысында Мәжіліс депутаты Айдос Сарым Конституция жобасындағы Құрылтайдың мәртебесіне, Халық кеңесінің қызметіне және негізгі заңның преамбуласына қатысты басты ережелер бойынша пікір білдірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Конституция жобасының 52-бабына тоқталған депутат Құрылтайды заң шығару билігін жүзеге асыратын жоғары өкілді орган ретінде бекіту ұсынылып отырғанын айтты. Оның сөзінше, Құрылтайды біртұтас жалпыұлттық сайлау округі шеңберінде пропорционалды өкілдік жүйесі бойынша сайланатын 145 депутаттан қалыптастыру көзделіп отыр.

Пропорционалды жүйе азаматтардың сайлану құқығын шектейді деген пікір – қате. Бұл – халықаралық тәжірибеде кеңінен қолданылатын жүйе, – деді Айдос Сарым.

Депутат бұл модель сайлаушылардың ерік-жігерін неғұрлым дәл көрсетуге мүмкіндік беретінін, көппартиялы жүйенің дамуына ықпал ететінін және түрлі әлеуметтік топтардың саяси процеске қатысу аясын кеңейтетінін атап өтті. Сонымен қатар ол Конституция жобасының Халық кеңесінің қызметін реттейтін 70–71-баптарына жеке тоқталды.

Халық кеңесі заң шығару билігінің орнын баспайды, керісінше қоғамдық қатысудың қосымша тетігі әрі ішкі саяси тұрақтылықты қамтамасыз ететін құралға айналады, – деді ол.

Жобаға сәйкес, Халық кеңесінің құрамына этномәдени бірлестіктердің, қоғамдық ұйымдардың және өңірлік қоғамдық кеңестердің өкілдері саналатын 126 адам енеді. Сондай-ақ бұл органға заңнамалық бастама құқығын беру ұсынылып отыр.

Сөз соңында Айдос Сарым преамбуланың маңызы мен конституциялық өзгерістердің ауқымына тоқталды.

Конституция баптарының 80 пайыздан астамы өзгеріске ұшырап отырғанын ескерсек, жаңа негізгі заң қабылдау мәселесін көтеру орынды, – деді Мәжіліс депутаты.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы