Айдос Сарым Мәжілістегі AMANAT фракциясының жұмысын қорытындылады
Айдос Сарым фракцияның заң шығару қызметі мен саяси реформаларды іске асырудағы нәтижелерін баяндады.
Мәжіліс депутаты Айдос Сарым «AMANAT» партиясының XXVI Съезінде парламенттік фракцияның атқарған жұмыстары мен саяси реформаларды жүзеге асыруға қосқан үлесі туралы айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Оның айтуынша, фракция депутаттары Конституцияға енгізілген өзгерістерді әзірлеу мен қабылдау жұмыстарына белсенді қатысып, маңызды мемлекеттік реформаларды іске асыруға елеулі үлес қосты.
Фракция мүшелері Жалпыұлттық коалиция аясында ауқымды ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Біз қолға алынған реформалардың мәні мен маңызын халыққа жеткіздік. Депутаттар өңірлерді аралап, еңбек ұжымдарымен, сарапшылармен және тұрғындармен кездесті. Бұл қоғамның қолдауын қамтамасыз етіп, мемлекет пен азаматтар арасындағы диалогты нығайтуға мүмкіндік берді, – деді Айдос Сарым.
Ол VIII сайланған Мәжілісте «AMANAT» фракциясы депутаттық корпустың 63 пайызын біріктіретінін және парламенттегі ең ірі саяси күш болып қала беретінін атап өтті.
Депутат келтірген мәліметке сәйкес, есепті кезеңде Мәжіліске 413 заң жобасы түскен. Оның 321-і Сенатқа жолданып, 275 заң қабылданған. Сонымен қатар жоғары палатаға жіберілген заң жобаларына 8400-ден астам түзету енгізілген.
Сарымның айтуынша, депутаттар әзірлеген 119 заңнамалық бастаманың 104-і «AMANAT» фракциясы мүшелерінің қатысуымен дайындалған. Бұл депутаттық бастамалардың шамамен 90 пайызын құрайды.
Оның сөзінше, фракцияның ұсыныстары экономиканы дамытуға, әлеуметтік мәселелерді шешуге, азаматтардың құқықтарын қорғауға, өңірлерді дамытуға және ұлттық қауіпсіздікті нығайтуға бағытталған.
Депутаттар сондай-ақ Цифрлық кодекс, Су кодексі, Құрылыс кодексі, Салық кодексі, Бюджет кодексі және өзге де заңнамалық құжаттарды әзірлеуге қатысты.
Бұдан бөлек, есепті кезеңде депутаттар мемлекеттік органдарға 832 депутаттық сауал жолдап, 1960 өзекті мәселе көтерген.
Депутаттық сауалдар мәселелерді көтерудің ғана емес, оларды шешудің де тиімді құралына айналды. Депутаттар өңірлерде тұрақты жұмыс жүргізіп, азаматтармен кездеседі және халықты толғандырған мәселелерді парламент деңгейіне шығарып келеді, – деп атап өтті Мәжіліс депутаты.
Сөз соңында депутат фракция алдағы уақытта да елдің дамуына және азаматтардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған саяси әрі әлеуметтік-экономикалық реформаларды іске асыруға белсенді қатыса беретінін айтты.