Айдос Сарым: АҚШ-тағы С5+1 кездесуін тарихи деп атауға болады
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Нью-Йорк қаласына жұмыс сапары аясында Орталық Азия мен АҚШ мемлекеттері басшыларының саммитіне қатысты. Жиында С5+1 серіктестігі арқылы экономика, энергетика және қауіпсіздік салаларында Орталық Азияның егемендігін, орнықты дамуын және өркендеуін одан әрі нығайту үшін бірлесіп жұмыс істеу мәселесі талқыланды. Осындай кең ауқымды оқиғаға қатысты BAQ.KZ саясаттанушылар мен мамандардың пікірін топтастырып көрді.
С5+1 форматы
Нью-Йорк қаласында өткен саммитте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ Президенті Джозеф Байденнен кейін сөйледі. Сонымен қатар іс-шараға Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров, Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон, Түрікменстан Президенті Сердар Бердімұхамедов, Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев қатысты.
Кездесу барысында стратегиялық серіктестікті, саяси диалогты, сауда-экономикалық, инвестициялық және гуманитарлық салалардағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту, сондай-ақ Еуразия құрлығындағы бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтау мәселелері жан-жақты талқыланды.
Саммитте экономикалық ынтымақтастық мәселесіне, сондай-ақ америкалық компаниялардың маңызды қазба байлықтарды игеру, жаңартылатын энергия көздері, өңдеу өнеркәсібі және басқа да бағыттарды дамыту мүмкіндіктеріне баса мән берілді.
Бұдан бөлек, пікірталас барысында қауіпсіздік проблемаларын, соның ішінде киберқауіпсіздік, терроризм, экстремизм, заңсыз миграция және есірткі тасымалы секілді қауіп-қатерлерді шешу үшін ынтымақтастықты нығайту перспективалары қарастырылды.
Қазақстан Алматы қаласында Орталық Азия мен Ауғанстан үшін БҰҰ-ның Орнықты даму мақсаттары жөніндегі аймақтық орталығын ашу ісінде АҚШ тарапының қолдауына сенім артатынын жеткізді.
Тарихи кездесу
Саясаттанушы, Мәжіліс депутаты Айдос Сарымның айтуынша, АҚШ пен С5+1 саммиті бұл тарихи кездесу болды. Себебі Вашингтонның бастамасымен 2015 жылы құрылған С5+1 диалог алаңында мемлекет басшылары деңгейіндегі алғашқы отырыс өткізілді.
Бұған дейін осы формат аясында АҚШ пен Орталық Азия арасындағы диалог пен ынтымақтастық сыртқы саяси ведомстволар басшыларының деңгейінде ғана өткен болатын. Мұның бәрі С5+1 форматының рөлі өсіп келе жатқан көрсетеді.
Әлем Орталық Азияны біртұтас организм ретінде болмаса да, кем дегенде өзара бір-бірімен байланысқан мемлекеттердің аймағы ретінде қабылдай бастады. Аймақтың проблемаларын бір-бірінен алшақтатуға келмейді. Тек кей елдермен жұмыс істеп, басқаларын елемей шешім қабылдау мүмкін емес, - деп санайды Сарым.
Қауіпсіздік – басты мәселе
Жаңадан қалыптасып келе жатқан халықаралық тәртіптің қазіргі жағдайында АҚШ-тағы кездесуді тарихи деп атауға болады. Өңірлік қауіпсіздік, жаһандық тұрақтылық пен Орталық Азияда ядролық қарудан азат аймақты құру мәселесі бұрынғыдан да өзекті. Қазақстан ядролық қарусыздануға бағытталған жұмыс бойынша әрдайым алдыңғы қатарда. Алайда әлемдегі ядролық державалар арасындағы шиеленіс Қырғи-қабақ соғыстан бері болмаған деңгейге жетті, - дейді саясаттанушы.
Экономика – басты қозғаушы күш
Экономикалық ынтымақтастық туралы айтатын болсақ, онда Қазақстан әлемнің 180 елімен сауда жасайтынын және жаһандық инвесторлар қауымдастығы үшін сенімді серіктес болып қалуға ниетті екенін атап өткен жөн, - дейді Айдос Сарым.
Оның айтуынша, былтыр Қазақстанға құйылған тікелей америкалық инвестициялар 82%-ға өсіп, 5,1 миллиард долларға жетті. Қазақстанда АҚШ-тың 500-ден астам компаниясы жұмыс істейді. Оның ішінде бұрыннан келе жатқан Chevron, ExxonMobile, General Electric, Citi сияқты серіктестер де бар.
Қазақстан мен АҚШ әріптестігі
Ал саясаттанушы Оразғали Селтеевтің пікірінше, ең бастысы, мемлекет басшыларының «5+1» форматындағы кездесуінде қол жеткізген барлық уағдаластықтар ұзақ мерзімді жобаларға айналуы тиіс.
Бұл формат ұзақ талқыланды, бірақ жүзеге асырылмай келген еді. Дегенмен қазіргі жағдайда әлемдік магниттер Еуразияның буферлік аймағы үшін ашық «жұмсақ» геосаяси күрес жүргізіп жатыр. Осы кезде әр сөз бен бастама маңызды, - дейді ол.
Саясаттанушының айтуынша, көп нәрсе «жабық есіктердің сыртында» қалады.
Жалпы алғанда әріптестік спектрі өте кең: мұнай келісімшарттарын біздің пайдамызға жақсарту, қайталама санкциялардың алдын алу бойынша кепілдіктер (әсіресе Ресейдің миноритарлық қатысуы бар бірлескен кәсіпорындарға қатысты), озық технологияларды сатып алу, визалық жағдайларды жақсарту, банк саласындағы қатынастарды жолға қою, ұзақ несиелер мен инвестициялар, бірлескен агроөнеркәсіптік және биотехнологиялық жобалар,- деп атап өтті Селтеев.
Осы аталған барлық бағыт бойынша Қазақстан өз серіктесіне көп нәрсе ұсына алады.
Ең бастысы, барлық уағдаластықтар нақты ұзақ мерзімді жобаларға айналуы керек. Осы тұрғыдан алғанда келесі қарашада АҚШ-та президент сайлауы өтеді. Оның нәтижесі Вашингтонның сыртқы саяси стратегиясына әсер етуі мүмкін екенін ескерген жөн, - деп қорытындылады саясаттанушы.