Айдарбек Қуанышов: Қазақ барда домбыра жасау кәсібі ешқашан маңызын жоймайды

Халқымыздың қара домбырасын жасап жүргеніне жарты ғасырға жуықтап қалған Айдарбек Қуанышовтың қолынан шыққан талай аспап шет елдегі алыс-жақын ағайындарға, арғысы америкалық, бергісі югославиялық музыканттарға жеткен. Бір жылдары еселі еңбегіне қолдау болмаған кездерде де сүйікті өнерін тастамаған шебермен Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі сұхбаттасып қайтты.

Айдарбек ағамыздың домбыраларын қазақтың таңдаулы күйшілері Қаршыға Ахмедияров, Рахым Тәжібаевтар сахнаға алып шыққан. Сонымен қатар ол – балаларға арналған 44-36 өлшемді домбыраларды да жасайтын шебер.

– Бұл өнерге қалай келдіңіз, аға?

– Әкем марқұм 8 жасымда домбыра әкеп берген болатын. Сол сәттен бастап осы аспапқа деген қызығушылығым оянып, әртүрлі күйлерді тартып, әуезді әндер шырқайтынмын. Домбырам сынса, ешкімнің көмегінсіз өз бетіммен желімдеп алып, әрі қарай тарта жөнелетінмін. Содан 15 жасымда Алматыға арман қуып, музыкант боламын деген мақсатпен келдім. Алайда, бұл ойым жүзеге аспай, бұрынғы №14 училищенің (қазіргі Алматы құрылыс және халықтық кәсіпшілік колледжі) ұлттық аспаптар құрастыратын факультетінен бір-ақ шықтым. Міне, сол уақыттан бастап әлі күнге дейін домбыра менің сенімді серігіме, нан тауып жейтін кәсібіме айналып кетті. 

– Осы салада жүргеніңізге жарты ғасырға жуықтап қалыпты, қандай қызықты жайттар басыңыздан өтті?

– Талай нәрсе бастан өтті ғой, қапелімде еске түсе де қоймайды-ау... Студенттік өмірдің алғашқы сәттері еді. Музыкалық цехқа тәжірибеге барған кезімізде түске дейін домбыраның бір корпусын құрап, тамаққа талон алып алғаннан кейін өз жасағанымызды өзіміз бұзып кететін едік. Осылайша балалықпен еркелеп жүргенде жоғары оқу орнын бітіріп, жұмыс істеп жүргенде апаларың Райхан Қуанышованы кездестіріп, отау құрдым. 1 қыз, 3 ұл сүйдік. Шынымды айтсам, күнделікті күйбең тіршілікке де араласпай, сүйікті домбыра жасау ісіне басыммен беріліп кеткенім сонша, осы балаларымның қалай өсіп-жетілгенін де байқамай қалдым. Алайда, балаларым есейе бастаған тұста барлығына домбыра жасаудың техникасын, шарттарын үйрете бастағам. Бірақ бұл салаға қызығушылығы жоқ екендігін түсіндім. Сондықтан балаларды әрі қарай мәжбүрлемедім. Есесіне, қазіргі таңда мыңнан астам шәкіртім бар. Шәкірттеріме: Осы саланы жақсылап меңгеріп алғайсыңдар, қазақ халқы барда бұл кәсіп ешқашан маңызын жоймайды, домбыраның қазақ өнеріндегі орнын жоғалтпауымыз керек, – дегенді ылғи құлақтарына құйып отырамын.

– Шеберлер бір домбыраны 15 күндей жасайды деп естідім. Сонда 1 айда қанша домбыра жасап үлгересіз?

– Негізінен, домбыра дыбысының жақсы шығуы, оның кебуі 10 күннен артық уақытты қажет етеді. Одан аз болған жағдайда сонша еңбек далаға кеткенмен бірдей болады. Өзімнің шәкірттеріме де осы жайтты айтып отырамын, домбыраны асығыстықпен қалай болса солай, болсын-болмасын жасамау керек. Жастарға домбыраның тез жасалып, тез сатылуына, бағасына назар аудармаңдар деймін, керісінше, жасап шығарған қасиетті қара домбыраларыңның даусының қанықтығына, дұрыс кепкеніне көз жеткізулерің керек деп отырамын. Бұрындары 1 айда 100-дей домбыра жасайтынмын. Соңғы кездері денсаулығым тынығып, дем алуды көбірек қалайтын болып жүр.

– Соңғы уақыттарда қолданысқа енген 44-36 өлшемдегі домбыраларыңыз жайлы айта отырсаңыз.

– Тұңғышым Айдын дүниеге келген сәтте-ақ оны өнерге беремін деп шешім қабылдап, Балтабай ағайымыздың домбыра үйірмесіне бердім. Үйірмеге барып жүрген кезде ересектерге арналған домбыраның балаға ыңғайсыз екенін байқап, кішігірім нұсқасын даярлауды ойластыра бастадым. Осылайша Балтабай ағайымыз бен математик Омармен бірге домбыраның ұзындығын, қолға ұстай алатындай диаметрін икемдеп жасадық. Кейінірек Балтабай кішкентай қыздарына 36-32 размерлі түрлерін жасатып, балабақшадан оркестр ұйымдастырды. Ал домбыраларымыз оқушылар арасында үлкен сұранысқа ие болып, қызығушылықтар арта түсті.

– Домбыра құрастырудың өзіндік ерекшелігі қандай?

– Домбыраның ерекшелігі – оның ағаштарын игенде, 7 не 9 шанақтан тұруы, одан артық не кем жасауға болмайтындығы. Қазір көпшілікке 7 шанақпен жасалған аспабымызды ұсынып жүрміз. Ал 9 шанақтылар тапсырыспен өнер адамдарына, оркестр музыканттарына ғана жасалады. Домбыра жасаудағы тағы бір ерекшелік – бет тақтайына үлкен мән береміз. Домбыраны тыңқылдатқан кезде дыбысы жақсы шығуы керек. Дыбыс қоңыр үн бергенде ғана бет тақтай бірден домбыраға орнатылады. 

Домбыра жасау үлкен еңбекті қажет етеді. Оның ағаштары, беткі тақтайшасы, желімі – бәрі сапалы болуы керек. Әйтпесе, дыбысы қанық болмай, көпшіліктің де көңілінен шықпайды. Домбыраға жұмсалған заттар қаншалықты сапалы болса, аспап соншалықты ұзақ жұмыс істейді. Мәселен, оқушыларға арнап осыдан 40 жыл бұрын жасаған домбыраларымды осы күні өзіме қайта жөндетуге әкеп жүргендер бар. Байырғы тұтынушыларым сол домбырамен талай жерде талай жүлдені иемденгендерін, қаншама рет құлатып алса да, сынбағанын айтады. Кәсібіңе адал болсаң, еңбегің де жемісті болмақ.

– Әңгімеңізге рақмет! 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Айдарбек Қуанышовтың жеке мұрағатынан
Өзгелердің жаңалығы