"Айдалаға молаға апарып ұрып-соқты": Атыраулық блогер жарнама ұсынысынан кейін қорлық көргенін айтты

Атыраулық блогер Құралай Болатова Стамбулға уәде етілген турға қатысты жанжалдан кейін соққыға жығылып, қорланғанын мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Оқиға жарнамалық ұсыныстан басталған. Болатова ұйымдастырушыға 100 000 теңге алдын ала төлеген. Көп ұзамай сондай сапар үшін ақша аударған басқа жазылушылары хабарласқан. Алайда тур жүзеге аспаған. Блогер ақшасын қайтаруды талап еткен кезде оған қорқыту мен қысым жасалған.

3 қазан күні кешке турды ұйымдастырушы мен оның құрбысы Құралайды аңдып, "жай ғана сөйлесеміз" деп шақырған. Бірақ олар оны қала сыртындағы молаға апарып, соққыға жыққан.

Бәрі Акмурзиева Айдана деген қыздан басталды. Ол маған: "Стамбулға тур ұйымдастырып жатырмын, жарнама жасап берші деді. Таныс адам болған соң сеніп, сториске салып бердім. Сол стористі көрген адамдар мен арқылы сол тур жайлы сұрап, оған ақша жібере бастады. Мен де қызығып, өзім бармақ болдым. Акмурзиева Айдана есімді қызға 100 000 теңге алдын ала төлем жасадым, - деп жазды блогер.

Оның айтуынша, ақша төленген соң тур да жоқ, билет те жоқ болып шыққан. 

Бірақ… уақыты келгенде не билет жоқ, не тур жоқ. Акмурзиева Айдана түрлі сылтау айтып, ақшаны «Асем» деген адамға жібердім деп алдады. Кейін сол Асеммен өзім сөйлесіп, оның бұл іске мүлде қатысы жоқ екенін білдім. Сонда ғана бәрін өтірік ұйымдастырғанын түсіндім. Ақшамды қайтаруды талап еттім. 3 қазан күні ғана қайтарды, - деп жазды Құралай Болатова.

Сондай-ақ ол сол күні кешке Айдана қоқан-лоққы жасағанын айтты.

Бірақ дәл сол күні кешке Акмурзиева Айдана маған ватсап желісі арқылы жазып, балағаттап, қорқытып, "ұятсыз видеоларыңды таратып жіберем" деп қоқан-лоққы жасады. Сол түні туған күнге барған едім. Сол кештен шығып үйге бара жатқанымда оның құрбысы Нұғманова Ақбота екеуі келіп, "сөйлесеміз" деп алдап, мені көлікке отырғызып, айдалаға молаға апарып ұрып-соғып, теуіп, кейін қансырап жатқан күйімде өздерімен бірге мені Акмурзиева Айдана өзінің құрбысы Нұғманова Ақботаның үйіне алып кетті… Қазір денемде сау жер жоқ. Психологиялық жағынан да өте ауыр соққы алдым. Келесі күні мен бұл адамдардың үстінен полицияға арыз жаздым. Мен әділдік орнағанын қалаймын! Бұндай қатыгездікке жол беруге болмайды. Мен ешкімге жамандық жасаған жоқпын. Бірақ мені алдап, қорқытып, ұрып-соққан адамдар жазасыз қалмасын! Әділдік орнасын. Заң бәріне бірдей болсын. Бөлісіңіз, адамдар білсін – кімге сенуге болмайтынын, деп жазды ол инстаграм парақшасында.

Полицияның мәлімдеуінше, тергеу барысы облыс басшылығының жеке бақылауында.

Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған кешенді тергеу іс-шаралары жүргізілуде. Бақылау камераларындағы бейнежазбалар алынды, куәгерлерден жауап алынуда, беттестірулер өткізілуде. Мәлімдеушінің барлық уәжі мұқият тексеріледі, ал жанжалға қатысушылардың әрекеттеріне тиісті құқықтық баға беріледі, - делінген полиция хабарламасында. 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы