"Айбын" орденінің түрлі дәрежесін батырлардың атымен атау ұсынылды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Атырауда өтіп жатқан Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында «Айбын» орденінің түрлі дәрежесін Сағадат Нұрмағамбетовтің, Бауыржан Момышұлының және Рақымжан Қошқарбаевтың есімімен атауды ұсынды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Президент атап өткендей, еліміздің жылнамасына есімі алтын әріппен жазылған батырларымыз аз емес.

Тоқаев халқымыздың осындай үш даңқты перзентіне жеке тоқталып өтті.

Майданға взвод командирі ретінде аттанған Сағадат Нұрмағамбетов соғысты Берлин түбінде батальон командирі болып аяқтады. Сұрапыл соғыстың барлық қиындығын көрген ол Тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш қорғаныс министрі болды. Айрықша қолбасшылық қабілетімен аты аңызға айналған тағы бір тұлға – Бауыржан Момышұлы. Ол майдан шебіндегі ең қиын шайқастарға қатысты, батальон, полк, дивизия басқарды. Оның қоршаудан шығу тәсілі кейін соғыс өнеріне «Момышұлы спиралі» деген атаумен енді, - деді ол.

Мемлекет басшысы атап өткендей, Рақымжан Қошқарбаевтың өшпес ерлігі де бүгінде еш талас тудырмайды. Ол – алғашқылардың бірі болып Рейхстагқа ту тіккен батыр.

Мен былтыр Ұлттық құрылтайдың отырысында бірқатар ордендерді көрнекті тұлғаларымыздың атымен атау туралы айтқанымды білесіздер. Мұндай тәжірибе көптеген елде бар. Бұл отаншылдықты және ұлттық бірегейлігімізді нығайтуға ықпал етеді. Қазір мемлекеттік наградалар жүйесін жетілдіру үшін нақты шаралар қолға алынды. Бұл жұмыспен Республикалық комиссия айналысып жатыр, - деді Президент.

Мемлекет басшысының айтуынша, елімізде әскери және күштік құрылым қызметкерлеріне арналған «Айбын» ордені бар.

Осы мәртебелі орденнің түрлі дәрежесін Сағадат Нұрмағамбетовтің, Бауыржан Момышұлының және Рақымжан Қошқарбаевтың есімімен атаған жөн деп санаймын. Бұл тарихи әділдікті қалпына келтіру жолындағы маңызды қадам болмақ. Сол арқылы қаһармандарымыздың ерлігін ұрпақ жадында жаңғыртамыз. Бұл бастама осы марапаттың мазмұнын байыта түседі. Халқымыздың біртуар перзенттеріне тән ерлік рухы осы ордендердің мәртебесін биіктетеді. Сондай-ақ награда иегерлеріне Отанымызға қалтқысыз қызмет етуге ерекше жігер береді. Мен бұған кәміл сенемін, - деп айтты ол.

Ұлттық құрылтай барысында еліміздің жаңа елтаңбасы жасалуы мүмкін екені айтылды.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы