19 Тамыз 2026, 22:43 Фото: Скриншот

Айбек Дәдебай: «Әділет» партиясы әлеуметтік әділетсіздік пен жікшілдікке жол бермейді

Ол қазақстандықтарды елді бірге дамытуға, заң мен тәртіпті сақтауға, еңбекті бағалап, білім мен ғылымға басымдық беруге шақырды.

«Әділет» партиясының төрағасы Айбек Дәдебай сайлауалды бағдарламасының қорытынды сөзінде партияның негізгі ұстанымдарына тоқталып, әлеуметтік әділетсіздікке, жікшілдік пен теңсіздікке жол бермейтінін атап өтті.

Ол қазақстандықтарды елді бірге дамытуға, заң мен тәртіпті сақтауға, еңбекті бағалап, білім мен ғылымға басымдық беруге шақырды.

«Қымбатты қазақстандықтар! Шынайы өзгерістер ұранмен жасалмайды, ұстамдылықпен, ұйымшылдықпен жасалады. Табыс пен игілік те талас-тартыспен келмейді, татулықпен, табандылықпен келеді», – деді Айбек Дәдебай.

Партия төрағасының айтуынша, елдің тұрақты дамуы үшін заң мен тәртіпті сақтау, экономиканы өркендету және өңірлерді дамыту маңызды.

«Сондықтан бәріміз бірге заң мен тәртіпті сақтап, мемлекетімізді нығайтайық. Еңбекті бағалап, экономикамызды өркендетейік. Өңірлерді дамытып, еліміздің іргесін берік бекітейік. Және білім мен ғылымға, мәдениет пен технологияға ден қойып, ұлтымыздың болашағын жарқын етейік. Міне, «Әділеттің» ұстанымы осындай», – деп атап өтті партия төрағасы.

Айбек Дәдебай партияны қолдайтын азаматтар саны артып келе жатқанын айтып, жақтастарына алғыс білдірді.

«Күн сайын бізді қолдайтын жақтастарымыздың саны артып келеді. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, баршаңызға шынайы алғысымызды айтамыз. «Алтау ала болса, ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса төбедегі келеді» дейді дана халқымыз», – деді ол.

Сонымен қатар «Әділет» партиясының азаматтарды әлеуметтік жағдайына немесе басқа да ерекшеліктеріне қарай алалауға қарсы екенін жеткізді.

«Сондықтан азаматтарымызды алалайтын әлеуметтік әділетсіздікке, жікшілдік пен теңсіздікке біз жол бермейміз. Аналарымыз бен қыздарымызды қорлайтын тұрпайы көзқарасқа да біз қарсымыз», – деп мәлімдеді Айбек Дәдебай.

Оның сөзінше, мемлекеттің тұтастығы мен қауіпсіздігіне қауіп төндіретін кез келген әрекетке жол берілмеуі тиіс.

«Мемлекетіміздің тұтастығына, тұрақтылығына, қауіпсіздігіне қатер төндіретін кез келген әрекеттің жолын біз кесеміз. Біз халқымыз бен Мемлекет басшысының арман-аңсары тоғықан реформаларды жүзеге асырамыз», – деді партия төрағасы.

Айбек Дәдебай алдағы жұмыстың негізгі бағыттарын да атап өтті.

«Заң мен тәртіптің, еңбек пен тазалықтың, білім мен жауапкершіліктің әлеуметтік нормаға айналуы үшін жұмыс істейтін боламыз. Өзін де, өзгені де құрмет тұтатын қоғамдық мәдениетті қалыптастырамыз», – деді ол.

Сөз соңында «Әділет» партиясының төрағасы азаматтарға ізгі тілегін білдірді.

«Қадірлі отандастар, сөзде сенім, істе жауапкершілік, жүректе әділет болсын», – деп түйіндеді Айбек Дәдебай.