Айбар Олжай: Ұлттық қор қаржысы нақты ұлттық активке айналуы керек
Ұлттық қордың басты міндеті – елдің байлығын келесі ұрпаққа сақтау. Алайда қаражатты тек шотта ұстап отыруды «сақтау» деп түсіну дұрыс емес. Экономист Айбар Олжайдың пікірінше, қордағы капиталды сақтаудың ең тиімді жолы – оны болашақта экономикалық және қоғамдық қайтарым беретін активтерге бағыттау, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Оның айтуынша, Ұлттық қор қаражатын жұмсаудағы негізгі өлшем – бұл ақша елдің ертеңгі әлеуетін арттыра ма, жоқ па деген сұрақ болуы керек.
Қаражаттың орнына қандай актив пайда болды?
Айбар Олжай мектеп, аурухана, емхана, инженерлік желілер, су және энергетика инфрақұрылымы, жол мен логистика нысандарын жай ғана бюджет шығысы ретінде қарастыруға болмайтынын айтады. Себебі мұндай нысандар экономиканың ұзақ мерзімді өнімділігіне әсер ететін капиталдық активтер саналады.
Мәселен, жаңа мектеп салынса, адами капиталдың сапасы артады. Аурухана мен емхана халықтың денсаулығы мен еңбек өнімділігін жақсартады. Ал су, электр және көлік инфрақұрылымы жаңарса, сол аумаққа бизнес келіп, жаңа өндірістер ашуға мүмкіндік пайда болады.
Яғни мұндай инвестициялардың қайтарымы тек тікелей ақша түрінде емес, экономикалық өсім, жұмыспен қамту, салық базасының кеңеюі және халықтың өмір сапасының жақсаруы арқылы келеді, - деді ол.
Ақшаның да уақыт құны бар
Айбар Олжай бұл мәселеде уақыт факторын да ескеру керек екенін айтады. Ақша жыл өткен сайын инфляция әсерінен сатып алу қабілетін жоғалтады.
Шартты түрде он жыл бұрын 10 млн долларға салуға болатын инфрақұрылымның дәл сондай көлемін бүгін сол ақшаға тұрғызу мүмкін емес. Өйткені құрылыс материалдары, техника, еңбек күші мен логистика қымбаттайды.
Егер қажетті мектептерді, ауруханаларды немесе инженерлік инфрақұрылымды тек жыл сайынғы бюджет мүмкіндігіне қарай кезең-кезеңімен сала берсек, кейбір жобаларды толық аяқтауға ондаған жыл кетуі мүмкін. Ал осы уақыт ішінде халық саны өсіп, қалалар кеңейіп, инфрақұрылымға деген сұраныс одан әрі артады, - деді ол.
Оның пікірінше, егер Ұлттық қордың қаржысы ағымдағы тұтынуға, тиімділігі төмен шығындарға немесе экономикалық қайтарымы жоқ жобаларға жұмсалса, бұл қорды әлсіретеді. Ал егер сол қаражаттың орнына ондаған жыл қызмет ететін мектеп, аурухана, электр желісі, су құбыры, жол, логистикалық немесе өндірістік инфрақұрылым пайда болса, қаржылық активтің бір бөлігі нақты ұлттық активке айналады.
Ұлттық қордың басты міндеті - елдің байлығын келесі ұрпаққа сақтау. Негізі құрылған идеясы осы. Бірақ «сақтау» деген ұғымды тек ақшаны шотта ұстап отыру деп түсінбеу керек. Сақтаудың ең дұрыс жолы көбейту. Капиталдың ең дұрыс сақталатын жері болашақта экономикалық және қоғамдық қайтарым беретін активтер екені анық.
Сондықтан Ұлттық қор қаражатын жұмсау мәселесінде негізгі өлшем бұл ақша елдің ертеңгі әлеуетін арттыра ма, жоқ па деген сұраққа келіп тіреледі, - деп түйіндіде сарапшы.