Аяз және тұман: 16 өңірде дауылды ескерту жарияланды
Сонымен қатар Атырау мен Қызылорда облыстарында, сондай-ақ Жезқазғанда төтенше өрт қаупі сақталады.
«Қазгидромет» РМК бүгін, 29 қазанда Қазақстанның 16 өңірінде дауылды ескерту жариялады. Елдің бірқатар аймағында тұман түсіп, жел күшейеді. Кей өңірлерде түнгі аяз және жоғары өрт қаупі сақталады.
Түнде және таңертең Ұлытау, Қарағанды, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Абай, Павлодар және Ақмола облыстарының кей жерлерінде тұман күтіледі. Жамбыл, Жетісу және Түркістан облыстарының таулы аудандарында да тұман болуы ықтимал.
Бірқатар өңірде желдің екпіні секундына 15-20 метрге дейін жетеді. Мұндай ауа райы Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Жетісу, Жамбыл, Маңғыстау және басқа да облыстарда болжанып отыр.
Алматы облысында түнде ауа температурасы 1-6 градус аязға дейін төмендейді. Талдықорғанда 1-3 градус, Қонаевта да 1-3 градус аяз күтіледі. Жетісу облысында да түнгі аяз болжанған. Қызылорда облысының солтүстігі мен орталығында түнде 3 градус аяз болуы мүмкін.
Сонымен қатар Атырау мен Қызылорда облыстарында, сондай-ақ Жезқазғанда төтенше өрт қаупі сақталады. Алматы, Қонаев, Ақтау, Шымкент және Түркістан қалаларында өрт қаупінің жоғары деңгейі болжанып отыр.
Синоптиктер тұрғындарға ауа райы туралы ескертулерді қадағалап, тұман кезінде жолда сақ болуға және өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтауға кеңес береді.