17 Қыркүйек 2026, 03:41 Фото: pixabay

Аяз, жаңбыр және тұман: 16 облыста дауылды ескерту жарияланды

Қарағанды облысының солтүстігі мен шығысында топырақ бетінде 2 градусқа дейін үсік жүруі ықтимал.

Бүгін, 17 қыркүйекте Қазақстанның 16 облысында ауа райының қолайсыздығына байланысты дауылды ескерту жарияланды. Бірқатар өңірде жаңбыр, найзағай, тұман, екпінді жел мен үсік күтіледі, ал оңтүстік аймақтарда өрт қаупі жоғары болады.

«Қазгидромет» мәліметінше, Шығыс Қазақстан облысының солтүстігі мен шығысында жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Таулы аудандарда түнде жаңбыр мен қар түріндегі жауын-шашын күтіледі.

Қарағанды облысының солтүстігі мен шығысында топырақ бетінде 2 градусқа дейін үсік жүруі ықтимал. Өңірдің бірқатар бөлігінде тұман түседі.

Атырау, Батыс Қазақстан, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарында жаңбыр мен найзағай болжанған. Кей жерлерде тұман түсіп, желдің екпіні 15–20 м/с-қа жетеді.

Түркістан облысының батысында шаңды дауыл күтіледі. Шымкент пен Түркістанда жел екпіні 15–20 м/с-қа дейін күшейеді.

Ақтөбе, Қызылорда, Ақмола, Абай, Жамбыл және басқа да бірқатар облыста жел күшейіп, кей жерлерде тұман болжанады.

Сонымен қатар Алматы, Қызылорда, Түркістан, Жамбыл, Ұлытау және бірқатар басқа өңірде жоғары немесе төтенше өрт қаупі сақталады.