Аяз, жаңбыр, найзағай: Бірнеше өңірде дауылды ескерту жарияланды
Синоптиктер тұрғындарды ауа райының күрт өзгерісіне байланысты сақ болуға, жолда абай болуға және қауіпсіздік шараларын сақтауға шақырады.
Бүгін, 28 сәуір күні Қазақстанның бірқатар өңірінде қолайсыз ауа райы күтіліп, аяз, жаңбыр, найзағай және күшті жел туралы дауылды ескерту жарияланды, деп хабарлайды BAQ.KZ «Қазгидромет» РМК-ға сілтеме жасап.
Синоптиктердің болжамынша, солтүстік және орталық аймақтарда түнгі уақытта ауа температурасы төмендеп, кей жерлерде аяз тіркеледі. Мәселен, Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Қостанай және Қарағанды облыстарында түнде 1–3 градусқа дейін аяз күтіледі. Астанада да түнгі уақытта -2°C-қа дейін төмендеуі ықтимал.
Көп өңірде тұман мен жауын-шашын күтіледі. Қостанай, Батыс Қазақстан, Шығыс Қазақстан және Алматы облыстарында жаңбыр мен найзағай болжанған. Кей жерлерде желдің жылдамдығы 15–23 м/с-қа дейін күшейеді.
Оңтүстік өңірлерде де ауа райы тұрақсыз болады. Түркістан, Жамбыл, Алматы және Жетісу облыстарында найзағай мен жаңбыр күтілсе, Қызылорда облысында шаңды дауыл соғуы мүмкін.
Сонымен қатар, Маңғыстау, Ақтөбе және Павлодар облыстарында да жаңбыр, тұман және жел күшеюі болжанып отыр.
Синоптиктер тұрғындарды ауа райының күрт өзгерісіне байланысты сақ болуға, жолда абай болуға және қауіпсіздік шараларын сақтауға шақырады.